Сұхбат барысында аудан жұртшылығын толғандыратын бірқатар мәселелер талқыланды
Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған орай Алматы облысы Ұйғыр ауданында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын кеңінен таныстыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсетуге, оның ішінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өндіріс салаларындағы жетістіктерді таныстыруға бағытталған «Адал еңбек - адал табыс» атты баспасөз-тур өткізілді. Баспасөз-тур барысында журналистер ауданның жетекші кәсіпорындары мен шаруашылық нысандарына барып, олардың жұмыс қарқыны және даму бағытымен танысты. Сондай-ақ аталмыш шара барысында Qaz365.kz тілшісі Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызымен сұхбаттасудың сәті түсіп, аудан жұртшылығын толғандыратын бірқатар мәселелер талқыланды.
– Бота Серікқызы, сіз ауданға алғаш әкім болып келген кезде қандай міндет жүктелген еді?
–Аудан әкімі болып тағайындалған уақытта маған осындағы елдің бірлігін сақтау, экономикалық даму қарқынын арттыру міндеті жүктелді. Өзіңізге белгілі, біздің аудан туралы қалыптасқан теріс пікірлер бар. Сондықтан ең әуелі халықтың береке-бірлігін арттырып, қоғамның саяси-әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономиканы дамыту мақсаты міндеттелді.
–Ол кезде ауданның бірлігі қандай еді?
–Аудан өте жақсы. Аудандағы бірді-екілі жағдайға байланысты теріс пікірлер қалыптасып, соған сай белгілі бір стереотиптер орнағаны рас. Сол себепті алғаш келгенде өзім де «қалай болар екен» деп алаңдап, екі ойлы болдым. Келіп араласқан соң аудан халқының өзара тату, еңбекқор, бастамашыл, жаңашылдықты қолдайтынына көзім жетті. Сыртқа тарайтын жағымсыз ақпараттағыдай емес, мұнда сондай бір мамыражай тірлік бар екенін көрдім. Біз соны сырт көзге, яғни жалған ақпарат таратушыларға ауданда осындай жақсы дүниелер барын, ешқандай қырғи-қабақ қатынас, алауыздық жоқ екенін көрсету мақсатында жұмыс істедік.
–Сізге берілген міндеттеме мен сіз көрген жағдай басқа болып шыққан екен. Демек, облыс пен республика деңгейіндегі басшылық немесе қарапайым жұрт мұндағы сіз айтқан мамыражай өмір туралы білмей ме?
–Білмей отыр деп айту артықтау. Облыс, республика деңгейіндегі билік өкілдері ауданның тұрмыс-тіршілігін, мұндағы экономикалық даму үрдісін жақсы біледі. Маған дейін де бұл ауданда әріптестерім қызмет етті, аудан деңгейінде түрлі жұмыстар атқарды. Өздерінің шама-шарқынша еліміздің экономикасының дамуына үлес қосты. Ал біз өз кезегімізде жасалған жоспар бойынша атқарылған істердің есебін 107-137 пайызға артығымен орындап, айтарлықтай нәтижеге жетіп отырмыз. Сол себепті басшылық мұндағы мамыражай тірлікті білмей отыр дегеннен аулақпын. Дегенмен, халық арасында біздің ауданға қатысты бір ақпарат шықса, әлеуметтік желі қолданушылар екіге жарылып, аудан жайлы түрлі айтыс-тартыс пен қауесет тарататындары әлі де бар. Аудан ішінде болмаса да, сыртта сондай жаман әдет әлі тыйылмай тұр.
– Есіңізде болса, былтыр бір ауданның атының өзгергені туралы ақпарат тарады. Журналист ретінде әлеуметтік желіні бақылағанда байқағанымыз, Қазақстанда тұрмайтын кей азамат, бәлкім Қазақстан азаматтығы жоқ болуы да мүмкін жандар осыған қатысты сын айтып жатты. Жалпы әлеужелідегі пікірлердің қоғамға әсері жайлы әкімшілік тарапынан сараптама жасалды ма?
– Иә, ауданның аты өзгерді деген жалған ақпарат тарады, соның салдарынан ел ішінде біраз түсініспеушілік те туды. Осыған қатысты біз халыққа ақпаратты ресми дереккөзден, ресми органдардан алу қажеттігін үнемі айтып, тұрғындардың эмоцияға беріліп, арандатуға ұрынып қалмауын назарда ұстаймыз. Дер кезінде ресми ақпарат тараттық. Ауданның іші тыныш, бірақ неге екені белгісіз, ауданның халқын арандатуға сырттағы адамдар бейім. Ол ұйғыр этносының өкілі ме, басқа ма, бізге беймәлім. Мүмкін, ол арнайы жұмыс істеп жатқан чат-бот болуы мүмкін ғой. Сол себепті тұрғындарға үнемі мұндай арандату пиғылындағы әрекеттерге, пікірлерге қарсы иммунитет болуы керек екенін, кез келген жалған ақпаратқа бой алдырып, даурықпау керек екенін айтып, мәселені ушықтырмауды басты назарда ұстап отырамыз.
–Сіз қызметке келгелі кадрлық ауыс-түйістер болды ма, қызметкерлердің қанша пайызы ауысты? Этностық құрам тұрғысынан айтып отырған жоқпын, жалпы қадрлық өзгерістер қандай болды?
– Аудан әкімінің Аппарат басшысы денсаулығына байланысты жұмыстан кетті, әкімнің бір орынбасары Алматы қаласына қоныс аударуына байланысты қызметтен кетті. Кезегі келген ауыл әкімінің бірі дауыс беру негізінде сайланды. Қызметкерлердің көп болып көрінуінің себебі: бұған дейін біріктірілген бөлімдер бөлінді де, үш бөлім жеке-жеке қайта құрылып, бұрыннан істеп жүргендерге қоса, жаңа бөлімдерге жаңа басшылар тағайындалды. Соның есебінен кадр көп секілді көрініп тұр. Бұрын Жол бөлімі мен ТҮКШ-ні, Құрылыс пен архитектураны, Ішкі саясат пен мәдениетті барлық облыс көлемінде қосып тастаған еді. Қазір жұмыс жүктемесінің артуына байланысты олар бөлінді. Сол себепті ел назар аударып, мән беретіндей қатты өзгеріс болған жоқ.
–Тағайындалғаныңызға 1 жыл 4 ай болған екен. Ауданда осы уақыт аралығында әлеуметтік-экономикалық бағытта не өзгерді?
– Келгелі бері бірнеше мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Негізі ауданға қаржы тарту өте үлкен жұмыс. Жолдарды жөндеуге қол жеткіздік. Маған дейін басталған жобаларды аяқтап, жаңа жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатырмыз. Жаңа Қазақстан демекші, мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақындығын, халықпен бірге екенін, мемлекет пен халық бір бағытта дамып келе жатқандығын дәлелдеуге қызмет етіп жатырмын. Өзіңізге белгілі, ел ішінде “әкімге кіру қиын, оған сөз өткізу мүмкін емес" деген көзқарас қалыптасып қалған. Бұл көзқарасты жоққа шығардық: халыққа үнемі жақын болуға, аяқасты төтенше бір оқиға болған жағдайда сол жерге барып көзбен көріп, шешімін табуға, өзім араласуға тырысамын. Әкімшілік бір шеге қақса да, оның халық игілігі үшін екенін, мемлекеттің саясаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын насихаттап, ел үшін аянбай жұмыс істеп келемін.
–Алға қойған жоспарларыңыз қандай? Осы өңірде бес жыл қызмет етер болсаңыз, осы жылдар ішінде мына мәселелер шешілуі керек деп атап бере аласыз ба?
– Әрине, көп нәрсе тек аудан әкімінің деңгейінде ғана шешілмейді. Аудандық деңгейде атқара алатын даму жоспарымыз да бар. Облыс басшысының бастамасымен өзекті мәселелердің барлығын жинақтап, арнайы «Жол картасын» жасаған едік. Оны үнемі жаңартып отырамыз, мәселенің маңызына қарай шешілу мерзімін анықтаймыз. Дәл қазір ауданның дамуын көзіме елестетер болсам, инвестициялық әлеуетіміз өте жоғары деп санаймын. Себебі бізде теміржол да, автобан да, Қалжат шекара аймағы да, өткізу бекеті де бар. Осы тұрғыдан алғанда ауданның инвестициялық әлеуетін орнымен мақсатты түрде пайдаланып, сол жолда өндірістік орындар ашу, туристік нысандарды жетілдіру мақсаты тұр. Ерен тоғайымыз, Шарын шатқалымыз, ыстық суымыз, Кетпен тауларымыз, Шәлкөде жайлауымызды танымал туристік нысанға айналдыру ісін қолға алсақ дейміз. Бұған қоса, бізде екі үлкен құс фабрикасы бар. Болашақта бұл екеуімен ғана шектелмей, шағын заводтар салсақ, шикізат өңдейтін, тері, жүн өндіретін өндіріс орнын ашсақ деген ойымыз бар. Бұл – облыс көлемінде шешілетін мәселелер. Облыс басшылығының араласуымен осы бағыттарға да инвестор тартсақ деген ой бар. Шарын ауылдық округіндегі Хамраев атындағы орта мектептің бір корпусы төмен түсіп кеткен еді, оның төтенше жағдайда екенін дәлелдеп, қаржы алдық, жөндеу жұмысы аяқталып қалды. Енді екі-үш күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді жөндеу керек. Оған қоса, тағы бір өзекті мәселе – он шақты мәдени нысан апаттық жағдайда деп танылып, жабық тұр. Халықты біріктіретін де, идеологиялық жұмыстарды нығайтатын да мәдениет ошақтары ғой, сондықтан ауылдарға мәдениет үйін салу жоспарда бар.
–Ауданның қай бағыты инвестиция салуға тиімді?
– Қалжат ауылына логистикалық орталық салынайын деп жатыр. Ол жерде де тамшылатып суару әдісімен ауылшаруашылық секторын дамытуға байланысты инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба бойынша 2,5 мың гектар жүгері мен қызыл мия өсіруді қолға алмақпыз. Келешекте жаңбырлатып суаруды да қолға алсақ деген ниет бар. 3,3 гектар өрік (абрикос) бағымыз бар. Өрікті ауданымыздың бренді ретінде қалыптастырып, сәуір айында туризм басқармасымен бірігіп, дәстүрлі фестиваль өткізсек деген жоспарымыз бар. Өрікті өңдейтін зауыттың да құрылысы аяқталып қалды. Фестиваль аясында өріктен құрғақ жеміс өндіретін зауыттың ресми ашылуын ұйымдастырамыз.
– Қазақстанда ондай өндіріс орнының аналогы бар ма?
– Менің білуімше жоқ, біздегі зауыт алғашқысы. Қазір электр жүйесіне қатысты аздаған жұмысы қалды.
– Ыстық суды арасан ретінде тану қашан жүзеге асырылады. Өйткені, арасан ретінде танылса, қолданылған судың табиғатқа зиян келтірмеу жолдары да қарастырылар еді?
– Қазір 72 демалыс орны бар. Бізді олардың демалыс орны ретіндегі қызмет көрсету сапасынан бұрын, оның проблемалық мәселелері қатты толғандырады. Ондағы кәсіпкерлер салығын төлеп отыр. Дегенмен, қолданылған сулардың ауылшаруашылық жерлерін сазға айналдыруы, топырақ құрамын бүлдіруі, демалушылардың қоқыстарының дұрыс жиналмауы, өңделмеуі деген секілді көп мәселе бар. Оған қоса кейбір демалыс орнына баратын инфрақұрылымның жасалмауы бізге қосымша жүк. Қазір біз қоқыс жинау аумағын заңдастырып, әрбір жеке кәсіпкермен келісімшартқа отырғызу ісін қолға алдық. Бірақ өңделмегеннен кейін қандай орында тұрса да, қоқыс ашық күйіндегі мәселе болып қала беретіні рас. Ыстық су аймағына ерекше статус беру туралы жылдың басында мәжіліс депутаттары келгенде айттық. Ол кісілер өз деңгейімізде көтереміз деді. Егер ерекше статус берілсе, туристік полиция бекеті мен медициналық пункт ашу мәселесі бір жүйеге келер еді. Әрбір арасанның су құрамы туралы, оған түсу бойынша кәсіби медициналық көрсеткіштер болуы тиіс. Қазір әр демалыс орнының сервис сапасына қарай бағасы қойылған, бағасына қарай сервис қалыптасқан. Ал кейде келушілер суда ұзақ жүріп қалып, оның денсаулығына зиян екенін білмей қалатын жағдайлар да кездеседі. Бұл жағдайды облыс әкімімен бірлесіп қолға алдық. Қазір жұмысшы тобы құрылды. Кірістер басқармасы хронометраж жасап жатыр, екі нысан хронометраждан өтті. Меніңше, статус беру мәселесі бойынша жылдың соңына дейін бір шешім шығуы керек.
– Ұйғыр ауданында қарым-қатынас тілі ретінде қай тіл қолданылады?
– Мемлекеттік тіл. Мұндағы диаспора өкілдері қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Жиналыстар, кездесулер барлығы мемлекеттік тілде өтеді. Ұйғыр халқының өкілдері де мемлекеттік тілді өте жақсы меңгерген, балаларының біразы қазақ, орыс сыныптарында білім алады. Әрине, ұйғыр халқының айтулы тұлғаларының мерейтойы болған кезде ұйғыр тілінде құттықтаулар болады.
– Қанша қазақ мектебі бар?
– Бізде барлығы 31 мектеп бар. Соның ішінде қазақ мектебі – 8, ұйғыр мектебі – екеу, ал аралас мектеп – 20 (қазақ-орыс-ұйғыр, қазақ-ұйғыр, содан кейін орыс-ұйғыр бар).
– Өңірдегі мектептердегі білім сапасы қандай?
– Мектептер Білім басқармасына бағынады. Қазір оларды қайтадан аудан әкімдігінің қарамағына берсе деген ұсыныстар айтылып жатыр ғой. Бірақ қандай да бір жағдай болса, су ағып кетсе, газ жарылса, әкімдікке қарайды да, ал білім сапасы, кадрлық мәселе тікелей Білім басқармаларына қарайды. Білім сапасы былтырғы жылмен салыстырғанда артып келеді. Қазір Орталықтандырылған ұлттық тәрбие жөніндегі жобалар аясында қоңыраудың орнына күй ойнатылып, ұлттық киім күні белгіленіп, ғимараттар ұлттық нақышта безендіріліп жатыр.
– Сіздің қолыңыздан келмейтін, шеше алмайтын, қаржыға келіп тіреліп тұрған мәселелер бар ма?
– Қаржыға келіп тірелетіні тау бөктеріндегі ауылдардың су мәселесі. Біз мұны үнемі айтып келеміз, біздің халық өте еңбекқор халық, суын тартып берсек, өздері егін егіп, шаруасын дөңгелетіп әкететіні хақ. Бізде Кеңес кезінен келе жатқан бес тоспа бар. Бесеуі де апаттық жағдайда, олардың суару аймақтарының өзі 50-100 гектардың көлемінде ғана. Себебі барлығының ішіне лай толып кеткен. Қазір бұл бағытта да облыс әкімдігімен бірге жұмыстар қолға алынуда. Жалпы 12 тоспа жоспарлап отырмыз. Егер мемлекет қаржыландырып, 12 тоспа салатын болсақ, 10 мың гектарға дейін суармалы жерді қамтуға мүмкіндік бар.
– Әлмерек абыздың ескерткішін орнаттыңыздар, халық оны қалай қабылдады?
– Халық өте жақсы қабылдады. Әлмеректің тарихи тұлға екенін, оның елге сіңірген еңбегін мойындады. Ескерткіш мен әкім болып келгенде ашылғанымен, жоба ретінде бірнеше жыл бұрын басталған. Ескерткіштің қойылу керек екені айтылып, жазылып, арнайы комиссияның шешімімен мақұлданған. Ескерткішті орнатуға Әлмерек абыз қоры демеушілік жасады, саябаққа мемлекет қаржы бөлді. Саябақта қазір арнайы кездесулер, жиындар өткізіледі. Өткенде олимпиада жүлдегерлерін осы ескерткіштің қасында қарсы алдық. Қазір бұл жер осындай мәдени-көпшілік шараларды атқаратын орынға айналып бара жатыр.Жалпы ескерткішті ашу ісі үш кезеңге бөлінді. Бірінші тарихи орындарды анықтау үшін Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарын қамтыған экспедиция жүрді, екінші үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Үшіншісі экспедицияда анықталған, оған дейінгі тарихи мәліметтер негізінде «Қарадала шайқасы» атты театрландырылған қойылым қойылды.
– Қандай тарихи орындар анықталды?
– Қателеспесем, Кеген ауданының Саты ауылына кіре берісте тарихи петрогливтер, Сүмбе ауылында ескі қалашық, Үйғыр ауданынан Үйсін үңгірі, Райымбек ауданынан біраз қорғандар анықталды.
– Вольфрам зауытының төңірегінде туған бір мәселеге байланысты сұрақ қойсам, ол зауыт Шарын шатқалына келетін суды пайдаланған соң, жергілікті халыққа егіншілікке жұмсайтын су жетпей қалды деген ақпарат шықты. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Шарын шатқалынан келетін су егіс даласына Жетісу Вольфрам зауаты алмай тұрып та жетпей қалатын. Былтыр судың көлемі көп болып, егіс даласына жетті, бірақ оның арғы жылы қуаңшылық болғандықтан жетпей қалды. Сол себепті төменгі аймақтардағы суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша құны 16 млрдқа татитын үлкен жоба жасалған, сол жоба бойынша суды босқа кетірмей, егіс даласына жеткізуге мүмкіндік туады. Бірақ осы зауыт іске қосылмай тұрып, біз аудандағы ауылшаруашылық саласының мамандарының өтінішімен, зауыт әкімшілігін шақырып, арнайы есеп бойынша өзендегі судың қанша пайызы зауытқа кететінін сұрадық. Сонда олар «000, 3 пайызы алынады» деп есеп берді. Дегенмен, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін мамандардың арасында алаңдаушылық бар, зауыттағы трубаның көлемі, бірнеше жерге насос орнатылған деген мәлімет бар. Биыл зауыт нақты жұмысқа кірісетін болғандықтан, қанша мөлшерде су тұтынатынын жұмысқа кіріскенде белгілі болады деп ойлаймын.
– Ыстық суларға ойыссақ. Қалай ойлайсыз, ыстық суды суытып пайдаланудың жолын қарастыруға бола ма?
– Бұрын ыстық суға демалушалар тек қысты күндері ғана келетін. Былтырдан бері, демалыс орындарының иелері бассейндеріне суды суытып құйып, жаз кезінде де адамдарды қабылдады. Көптеген демалыс орындары жылы суды босқа жібермей, әрі қарай пайдаланып, жылыжай салып жатқандар бар.
– Ауданда вольфрам зауыты, құс фабрикасы бар деп айттыңыз. Олар қанша салық төлейді, соны айта аласыз ба?
– Ол – республикалық бюджетке түсетін салық, 428 млн-ды «Прима-Құс» төлейді. Егер қателеспесем, 364 млн-ды «Отан Кредит» төлейді. Ал Вольфрам зауыты құжат жүзінде Еңбекшіқазақ ауданына қарайды, олар бізден тек су ғана алады.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Ісіңіз оң болсын!