ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов “Известия” басылымына берген сұхбатында Еуропа әскерінің Украинаға кіру ықтималдығына байланысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Бұл, ең алдымен, өңірлік тұрақтылыққа елеулі қатер төндіруі мүмкін екендігімен байланысты. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік саладағы күрделі үдерістерден қажыған еуропалық қоғам мұндай шешімді қолдай қояды деу қиын. Себебі бұл қоғам үшін қосымша ауыртпалық болмақ, тіпті бұл контингенттер шабуылдау операцияларына тартылмай, тек полиция немесе бақылау функцияларын орындаған жағдайда да. Осындай қауіп-қатерлер туындаса, ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттарына сәйкес қарастырылған шеңберде әрі мүше мемлекеттердің бірауыздан мақұлдауымен көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын”, – дейді Иманғали Тасмағамбетов.
Сондай-ақ Иманғали Тасмағамбетов Украинаға әскери контингенттер жіберу мәселесі Еуропа елдерінің астаналарында бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атап өтеді. Алайда осы күнге дейін бұл контингенттер ресми түрде орналастырылмағанын айтады.