×

Жау жоқ деме – жар астында: Қазақстан қорғанысын қалай күшейтіп жатыр

Қазақстан Қарулы Күштері ЕО-дан  А-400М әскери-көлік ұшағын сатып алған

Жау жоқ деме – жар астында: Қазақстан қорғанысын қалай күшейтіп жатыр
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Геосаяси ахуал шиеленісіп, әлем елдерінің қарым-қатынасы күрделенгелі мемлекеттердің бәрі айылын жия бастады. Олар өз елінің мүддесіне сай әскери одақтарға кіріп, әскери шығындарды арттыра түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлем елдерінің соңғы жылдары әскерге кететін шығындарын арттыруының себебі бесенеден белгілі. Таяу Шығыс тарихтағы ең зұлмат соғыстардың бірін бастан өткеріп, Ресей мен Украина ешқашан достаспастай өшікті. Тайваньға да Қытайдың талабы бар. Қазақстан мұндай да шағын қадамдармен болсын қорғанысын күшейтіп жатыр.

Қорғанысқа бюджет

Есте болса былтыр қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Қорғаныс министрлігіне жалпы ішкі өнімнің 1,8 пайызы бөлінгелі отыр. Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов 2025 жылы министрліктің бюджеті – жалпы ішкі өнімнің 0,44 пайызын, ал мемлекеттік қорғаныс тапсырыс 0,24 пайызын құрайтынын айтады. Сонда – 0,68 пайыз. 

Әйтсе де, қорғанысқа бұдан да көп қаражат бөлінуі керек деп есептейді мамандар. Әскери сарапшылардың сөзінше, лапылдап тұрған әлемдік соғыс отының саясатты сақ ұстанбаса Орталық Азияны да шарпиды деген қауіп жоқ емес. Былтыр Мәжілісте Ермұрат Бапи осы мәселені көтергенде Қазақстандағы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары өре түрегелген еді. Депутат тек сарапшылардың сөзін келтіргенін ешкім есепке ала қойған жоқ. Бәлкім, қорғанысқа көбірек ақша бөлу үшін де депутатқа осылай өткір сөйлеуге тура келген болар.

Қарулы күштер қандай әскери техникалармен толықты

2022-2024 жылдар аралығында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі елдің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында бірнеше маңызды әскери техникаларды сатып алды.​ Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ұшқышсыз ұшақтардың, әскери дрондардың қажеттілігі алдыңғы кезекке шыққаны белгілі. Осы себепті Қазақстанның қорғаныс саласының мамандары Қазақстан Түркиядан үш Anka-S үлгісіндегі ҰҰА сатып алған. ​Қазір Қазақстан қарулы күштерінің құрамында қытайлық WingLoong-1 және израильдік Skylark-1LEX әскери дрондары бар. Ұлттық қорғаныс университеті 2021 жылы «Шағала» отандық барлау ұшқышсыз ұшу аппаратын жасап шығарған. Бұл аппарат маршрут бойынша ұшуды орындай отырып, жер бетіндегі объектілер координаталарын анықтай алады және ақпаратты оператор пультіне бере алады. «Шағаланың» ұшу қашықтығы – 30 км дейін, барынша жылдамдығы – 110 км/сағ дейін, ал теңіз деңгейінен барынша ұшу биіктігі –  3 500 м. Қазақстанда SUNQAR ұшқышсыз аппараты да бар.

Қазақстан армиясына отандық Kazakhstan Paramount Engineering компаниясы шығарған Arlan броньдалған машиналары қызмет етеді. Түріктің Отакар компаниясы шығарған COBRA II техникасы бар. Қазақстан Қарулы Күштері былтыр 53 бірлік «Арлан» бронемашинасын, 45 бірлік Cobra II бронемашинасын алған. Министрлік қазақстандық әскери бөлімшелерде мынадай қару-жарақ бар екенін атап өтті:

  • «Бук-М2Э» және «Тор-М2К» зениттік-зымыран кешендері,
  • «Роса-РБ» және «Платформа» радиолокациялық станциялары,
  • Қазақстанда жасалған «Нұр» радиолокациялық станциясы.

2024 жылы 85 бірлік қару-жарақ пен әскери техниканың, соның ішінде сегіз тікұшақ пен бес радиолокациялық станцияның күрделі жөндеуі мен жаңғыртылуы жүргізілді.

2024 жылы жарияланған есепте Қорғаныс министрлігі әскери техниканы тек Түркиядан ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Еуропалық Одақ елдерінен де сатып алуды жоспарлап отырғаны жазылған еді. Қытайдан EVOMax шағын дрондық жүйелерін алуды көздейді. Жалпы, EVOMax — азаматтық квадрокоптерлер, алайда Украинадағы соғыс олардың әскери мақсатта да аса қажет екенін көрсетті: бұл дрондар барлау жүргізуге және тактикалық соққылар жасауға қолданыла алады.

Ал Еуропалық Одақта Қазақстан Қарулы Күштері А-400М әскери-көлік ұшағын сатып алды. Алып ұшақ Алматыға былтыр желтоқсанда келіп қонды. Оның жүк көтергіштігі – 37 тонна, ал толық жүктемемен ұшу қашықтығы 3,3 мың шақырымға дейін жетеді. Қазақстан осындай әуе кемесіне ие болған әлемдегі тоғызыншы ел атанды. Airbus A400M – көп мақсатты әскери-көлік ұшағы, ол түрлі міндеттерді атқара алады. Ең алдымен, бұл ұшақ ауыр техниканы тасымалдауға арналған, оның ішінде бронетранспортерлер, артиллериялық қондырғылар және тікұшақтар бар. Сондай-ақ, ол гуманитарлық көмекті жедел жеткізу, эвакуация және әскер тасымалдау үшін де қолданылады.

Жойғыш ұшақтар мен зениттік-зымыран кешендерінің нақты үлгілері аталмаған. Алайда былтырғы желтоқсанда Қорғаныс министрлігі Францияның Rafale жойғыштарын сатып алу жөніндегі қауесеттерге қатысты пікір білдіргенде «Rafale — жақсы ұшақ, бірақ өте қымбат. Сондықтан «баға — сапа» мәселесінде біз әзірге Су-30СМ ұшағында тоқтадық» деп пікір білдірген еді.

Әскери резерв

Қазақстан армиясының басшылығы адами ресурсқа да үлкен өзгерістер енгізіп жатыр. Елде биыл әскери резерв қызметі туралы заңнамалық түзетулер бекітілді. Бұл түзетулер армияны жасақтаудың қосымша тәсілі ретінде енгізіліп, қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша резервтік күштерді дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, резервистер тікелей әскери бөлімдерге жіберілетіндіктен, әскери бөлімшелердің дайындық мерзімі қысқарады, ал құрылатын бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы артады.

Жаңа заңға сәйкес, «әскери резервист» ұғымы енгізіледі. Ол оқу-жаттығулар немесе жиындар кезінде әскери қызметші мәртебесін алады. Резервтік қызмет биылдан бастап енгізіледі. Мұндай жүйе ТМД және өзге де шет мемлекеттерде бұрыннан қолданылып келеді. Қазақстанның Әскери доктринасы қорғанысқа бағытталған, сондықтан бейбіт уақытта елдің территориялық тұтастығын қорғауға қабілетті, жоғары жауынгерлік дайындықтағы армияны қалыптастыру басты мақсаттардың бірі болып қала береді.

Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі ел бойынша 2 мың резервисті қабылдауды жоспарлап отыр. Кейінірек әскердің қажеттілігіне қарай бұл сан реттеледі. Заңға сәйкес, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға жаңа «Резервтегі әскери қызмет» бөлімі енгізіледі. Онда резервтегі әскери қызметке қабылдау талаптары, әскери резервистердің құқықтары мен міндеттері, олардың резервте әскери қызмет өткеру тәртібі реттеледі.

Сонымен қатар, депутаттардың бастамасымен резервистер де әскери қылмыстық құқық бұзушылық субъектілері қатарына қосылады. Бұл ретте, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерде барлық әскери қызметшілерге ортақ «әскери қызметші» терминін қолдану ұсынылады.

Заңда әскери резервистердің жалақысы, әлеуметтік аударымдары және медициналық сақтандыру жарналары қарастырылған. Сондай-ақ, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққан әскери қызметшілердің зейнетақысы жыл сайын индекстелетін болады. Бұдан бөлек, шекті еңбек өтіліне жеткен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне зейнетақы алу құқығы беріледі.

Резервке тек ерікті түрде қабылдау қарастырылған. Қатысуға Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары өтініш бере алады.

Түптеп келгенде қорғанысты күшейте – егемендікті күшейтумен тең. Бұрынғылардың «бейбіт өмір сүргің келсе, соғысқа дайындал» деген сөзі адамзат моральдық құндылықтарды биікке қояр деп үміттенген ХХІ ғасырда да өзектілігін жоймай отыр. Ендеше, қорғанысты бұдан да еселеп күшейтудің амалдарын қарастырған жөн болмақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Ресейшіл», «орысшыл». Тасмағамбетов өзін сынағандарға жауап берді
Бүгін, 12:52

«Ресейшіл», «орысшыл». Тасмағамбетов өзін сынағандарға жауап берді

Қызмет барысында ешқашан ұятқа қалдырар әрекетке бармадым, халық алдында да, ар алдында да жүзім ашық
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →