×

Кандидат Камалов жеңіп шықты

«Декларациясында қателік бар» деген себеппен сайлаудан шеттетілген еді

Кандидат Камалов жеңіп шықты
Фото: Qaz365.kz

Біз бұған дейін БҚО-да ҚР Парламент Мәжілісінің №14 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттығына кандидат Алпамыс Камалов «декларациясында қателік бар» деген себеппен сайлаудан шеттетілгенін хабарлаған едік. Кандидат өзін заңсыз шеттеткенін мәлімдеп баспасөз конференциясын өткізіп, соттан әділдік күтетітінін мәлімдеген болатын. Жоғарғы сот сайлау комиссиясының шешімін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды өңірдегі qaz365.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Батыс Қазақстан облысының №14 бір мандатты аумақтық сайлау округінің аймақтық сайлау комиссиясының Алпамыс Қамаловты Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімінен шығару туралы шешімін заңсыз деп таныды. Осылайша, тәуелсіз кандидаттың сайлауға қатысу құқықтары қалпына келтірілді.

Еске сала кетсек, 2 наурыз күні БҚО округтік сайлау комиссиясы БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтеріне сүйене отырып, Қамаловты сайлау додасынан шеттету туралы шешім қабылдаған болатын. Мемлекеттік кірістер департаменті кандидат Камаловтың 2011 жылы жасалған қарыз беру шарты бойынша міндеттемелерді көрсетпей, үміткерлер үшін міндетті болып табылатын декларациядағы мәліметтерді дұрыс толтырмаған деп санады. Алпамыс Камалов қарыз келісімі нотариус арқылы жасалып, қарыз алушы бір айда қарызын кері қайтарғаны, бір-біріне талабы қалмағаны жөнінде құжаттарын БАҚ назарына ұсынды. Оның айтуынша, сайлау комиссиясы бұл ақпарат бойынша өзінен түсінік алмастан, растаушы құжаттарды талап етпестен бір күннің ішінде үміткерлер тізімінен алып тастау жайлы шешім шығарып тастаған.

Алпамыс Қамалов Округтік сайлау комиссиясының шешімінің дұрыс емес және негізсіз екенін Жоғарғы сотта дәлелдеді. Жоғарғы сот сайлау комиссиясы жіберген бұзушылықтарды жою керек деп шешті. Жоғарғы соттың шешімі ары қарай шағымдануға жатпайды. Әділдік орнады, бірақ кандидат сайлаудағы үгіт-насихат науқанының 10 күнін жоғалтты.

Нұрлыбек РАХМАН

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →