×

Кандидат Алпамыс Камалов: «Мені сайлаудан заңсыз шеттетті»

Кәсіпкердің айтуынша, оның салық органдары алдында ешқандай міндеттемелері, өтелмеген қарыз шарттары, кредиторлық және дебиторлық берешегі жоқ.

Кандидат Алпамыс Камалов: «Мені сайлаудан заңсыз шеттетті»
qaz365.kz

БҚО-да ҚР Парламент Мәжілісінің №14 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттығына кандидат Алпамыс Камалов «декларациясында қателік бар» деген себеппен сайлаудан шеттетілді. Кандидат жағдайға байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілерге мән-жайды баяндады, деп хабарлайды БҚО-дағы qaz365.kz тілшісі.

Округтік сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидатты тіркеу күші жойылған шешім шығарған. Сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың қолы қойылған 2 наурыз күнгі №2 хаттамада «ұсынған активтері мен міндеттемелері туралы декларациядағы мәліметтердің дұрыстығында алшақтық анықталды» деп көрсетілген.

- БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сайлау комиссиясына 2011 жылғы 20 қыркүйек күні біреуге қарыз бергенім жайлы ақпарат берген. Қарыз келісімі нотариус арқылы жасалды, қарыз алушы бір айда қарызын кері қайтарды. Ол жайлы дерек шартта да, нотариуста да бар. Бір-бірімізге ешқандай талабымыз жоғы бір айдан соң шарттың екінші бетінде көрсетіліп, қол қойылып, мөр басылды. Сайлау комиссиясы бұл ақпарат бойынша менен түсінік алу, растаушы құжаттарды талап ету, нотариалдық палатадан анықтау шарасын жүргізбеді. Бір күннің ішінде үміткерлер тізімінен алып тастау жайлы шешім шығарып тастаған. 3 наурыз күні Мемлекеттік кірістер департаментіне заң бұзушылықтарды көрсетіп, жалған мәліметтерді қайтарып алуды сұрап ресми хатпен жүгіндім. Олар қателігін мойындады, бірақ 15 күннен соң жазбаша жауап беретінін алға тартты.  Бұл – сайлау процесіндегі лас ойындар. Менің белсенділігім біреулерге кедергі келтіретіні анық. Сондықтан мені сайлау додасынан заңсыз шеттетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокуратура мен орталық сайлау комиссиясына өтінішім әділ қаралады деп үміттенемін, - деді депутаттыққа өзін-өзі ұсынушы Алпамыс Камалов.

Алпамыс Камалов 2021-2023 жылдары аралығында Орал қалалық мәслихатының депутаты болды. Оның айтуынша, сол сайлау кезінде декларациялардан ешқандай қате мәлімет табылмай, Мәжіліс депутаттығына үміткер болғанда «12 жыл бұрынғы деректер сәйкес емес» деп танылуы – әдейі қолдан жасалған кедергі.  Кәсіпкердің айтуынша, оның салық органдары алдында ешқандай міндеттемелері, өтелмеген қарыз шарттары, кредиторлық және дебиторлық берешегі жоқ.

- Мемлекеттік кірістер департаменті табысында алшақтық бар деп қорытынды берді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 89-бабының 4-3 тармағының 4-тармақшасы негізіне сай шешім шығарып, тіркеуді тоқтаттық, - дейді округтік сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Хамидоллаұлы.

Нұрлыбек РАХМАН

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Жаппай төбелеске қатысқандардың көбісі кәмелетке толмаған
Олар іргелес мемлекеттерге  10-нан астам вагон-цистерна жөнелтпек болған
Алаяқтар 1414 нөмірінен келген кодты айтып, кезекті брондауды сұрайды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →