×

“Депутат болғанша сайрайды”: алматылықтар сайлаудан қандай өзгеріс күтеді

19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депуттатарын кезек тыс сайлау өтеді

“Депутат болғанша сайрайды”: алматылықтар сайлаудан қандай өзгеріс күтеді
Коллаж: Qaz365.kz

19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депуттатарын кезек тыс сайлау өтеді.

Мәжіліс депутаттарының 70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтерден сайланатын болады.

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзінше 2023 жылғы 1 қаңтар санағы бойынша Қазақстанда белсенді сайлау құқығы бар 11,976,406 азамат бар.

Сайлау қарсаңында Qaz365.kz редакциясы алматылықтардан сайлаудан кейін қандай өзгерістер күтетінін сұрап көрді.

Қала тұрғындарының көбі сайлаудан кейін ешқандай өзгеріс күтпейтінін айтады. Тіпті кейбірі депутаттыққа кандидаттарды білмейтінін жасырмады. 

“Қалай айтсам екен? Дауыс беруге бара саламыз. Кандидаттарды да танымаймыз” - деді Дариға есімді әйел.

Тағы бір алматылық партиялар өзгермесе де, партия мүшелерінің пікірі өзгергеніне сенеді.

“Шынымды айтсам, мен өзгерістерді күтпеймін. Менің білуімше, партиялар өзгермеді. Мүмкін бір партия ішіндегі адамдардың пікірі өзгеретін болар”, – деді Қанат.

Жаңабек есімді азамат кандидаттар депутат болып сайланған соң жұмыс істеуін доғарады деген пікірде.

“Ешқандай өзгеріс күтпеймін. Депутат болғанша сайрайды. Одан кейін баяғы қалпынша қалады”, – дейді ол.

Енді бірі елімізде жоғары қызметке тағайындалғандар халықтан бұрын өзінің қамын ойлайды деген көзқараста.

“Менің ойымша, қайсысын таңдамасаң да, жақсы жаққа ештеңе өзгермейді. Өзгеріс болады дегенге сенбеймін. Еуропалық саясат ең оңтайлысы болар еді, бірақ бізде олай болмайды. Біздің менталитетіміз мүлдем басқа. Еуропалық саясатта саясаткерлердің бәрі болмаса да, көбі халықтың қамын ойлайды. Ал бізде жоғары қызметке тағайындалған соң, бірінші кезекте өзін ойлайды”, –  дейді Ержан.

Алматылықтардың арасында оң өзгеріске сенетіндер де жоқ емес.

“Азық-түлік арзандағанын қалаймын. Айлық көтергенін, шәкіртақы көтергенін күтемін. Студенттердің жағдайын жақсарту керек сияқты. Басқа қаладан келгендерді ғана емес, Алматының шет аумақтарында тұратындарды да жатақханаға кіргізсе екен”, – дейді Мумина мен Кәусар.

Элина мен Дамиляның айтуынша, орта таптағы халыққа көп көңіл бөлінуі керек.

“Жұмыс орындарының көп болуын күтемін. Менің ойымша, орта таптағы халыққа көп көңіл бөлінуі керек, себебі халықтың басым бөлігін солар құрайды. Халықты көтеретін де - солар”, – дейді олар.

Тағы бір азамат депутаттар барлық шешімді халықпен санасып қабылдайтын болса, қалған мәселелердің оңай шешілетініне сенімді.

“Біріншіден, тең құқықтың болуы. Депутаттар, жалпы жоғарыда отырған кісілер барлық шешімді халықпен санасып қабылдайтын болса, қалған мәселелер артынан шешіле береді деп ойлаймын”, – дейді Төлеген.

Басқа да алматылықтардың сайлаудан кейін қандай өзгерістер күтетінін төмендегі бейнежазбадан көре аласыздар.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →