×

Трамп Зеленскийден аздап көңілі қалғанын айтты

Трамп Зеленскийден аздап көңілі қалғанын айтты
AP Photo / Alex Brandon

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға қатысты Вашингтон әзірлеген жаңа бітім ұсынысына қатысты пікір білдірді. Ол бұл жөнінде 7 желтоқсанда Вашингтонда өткен Кеннеди орталығы сыйлығын тапсыру рәсімінде журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі DW-ға сілтеме жасап.

Трамптың сөзінше, АҚШ өткен аптадағы келіссөздерден кейін Ресей президенті Владимир Путинмен де, Украина басшыларымен де байланыс орнатқан.

«Соңғы ұсыныспен Зеленскийдің командасы таныс, олар оны қолдайды. Бірақ бірнеше сағат бұрынғы мәлімет бойынша, президент Зеленскийдің өзі әлі құжатты оқымағаны таңқалдырды. Ресей бұл ұсынысты жалпы қабылдауға дайын секілді. Әрине, олар тұтас Украинаны алғысы келеді, бірақ бұл нұсқа олар үшін де қолайлы болуы мүмкін. Ал Зеленскийдің қалай қарайтынына сенімді емеспін», – деді Трамп YouTube-те жарияланған бейнеүндеуде.

Зеленский: Әңгіме күрделі өтті, бірақ конструктивті болды

Осыған байланысты Украина президенті Владимир Зеленский 7 желтоқсан кешке Telegram-арнасында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

Ол америкалық делегация Украина позицияларын жақсы білетінін, әңгіме «күрделі, бірақ конструктивті» өткенін атап өтті. Зеленскийдің айтуынша, Майамидегі келіссөздерге қатысқан Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Бас штаб бастығы Андрей Гнатов нәтижелер туралы толық ақпарат береді. Ал өзі Брюссель мен Лондонда еуропалық басшылармен кеңесуді жоспарлап отыр.

АҚШ: Бітімге келу екі мәселенің шешіміне байланысты

6 желтоқсанда АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог соғыс тоқтауы «өте жақын» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, басты екі мәселе – Донбастың мәртебесі және Запорожье атом электр станциясының болашағы.

Ал бастапқы америкалық ұсынысқа сәйкес, ЗАЭС жұмысы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен қайта іске қосылып, өндірілетін электр энергиясы Ресей мен Украина арасында бөлінуі тиіс.

Ресейдің бақылауындағы аумақ

Reuters агенттігінің дерегіне қарағанда, Ресей қазіргі уақытта Украина жерінің 19,2 пайызын бақылап отыр. Бұл аумаққа аннексияланған Қырым, Луганск облысы толық, Донецк облысының 80 пайыздан астамы, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының шамамен 75 пайызы кіреді. Бұдан бөлек, Ресей Харьков, Сумы, Николаев және Днепропетров облыстарының кейбір бөліктерін ұстап тұр.

Батыс елдерінің кездесуі

8 желтоқсанда Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары Лондонда кездесіп, Майамидегі келіссөздерден кейінгі әрі қарайғы қадамдарды талқыламақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →