Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы Кремльде өткен кездесулерге байланысты қоғамда айтылып жүрген әңгімелерге пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президенттің айтуынша, бұл кездесулер тұрақты түрде бейресми форматта өтеді және олардың саяси астары жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путиннің өзі Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша қабылдайтынын айтқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Ресей президентінің әріптестерімен және достарымен адами тұрғыда жылы қарым-қатынас орната алатынын атап өтті. Оның сөзінше, Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістерінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайтынын көрсетеді.
– Ондай әңгімелерде не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тарихи тұлға ретінде бағалайтынын тағы да атап өтті. Ол Тұңғыш президенттің мемлекеттік институттарды қалыптастыру, нарықтық экономиканың іргесін қалау және жаңа астананы салу жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қазақстанда Әділдік, Заң және Тәртіп қағидаттарына негізделген қоғам құру мақсаты бар екенін айтып, бұл тұрғыда ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегіне әділ баға берілуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл ұстаным Қазақстанның Тұңғыш президентіне де қатысты.