×

Мұнайға бай елдердің бағы мен соры: АҚШ Венесуэла президентін бір түнде қалай ұстады?

АҚШ Венесуэлаға баса-көктеп кірді

Мұнайға бай елдердің бағы мен соры: АҚШ Венесуэла президентін бір түнде қалай ұстады?
Фото: @realDonaldTrump / Truth Social, REUTERS / бейнеден кадр

2026 жылдың жылдың басында Венесуэладағы жағдай күрт өзгерді. Қыркүйек–желтоқсан айларында Вашингтон мен Каракас арасындағы қақтығыс бірнеше ай бойы жалғасқан соң, 3 қаңтар 2026 жылы түнде АҚШ әскері Венесуэлаға кіріп, елдің президенті Николас Мадуро мен оның жары Силия Флоресті ұстады және оларды елден шығарып әкетті. Мадуро Нью‑Йорк қаласына жеткізілді.

Qaz365.kz редакциясы соңғы болған жағдайларды баяндап, назарларыңызға сарапшының пікірін ұсынады.

Венесуэла, 2026 жылғы 3 қаңтар. Фото: Via REUTERS – REUTERS бейнежазбасынан кадр


Түнде болған операция қарулы күштермен қақтығысымен басталды. Каракас қаласында жарылыстар естілді, әуе күштері әрекет етті.  Бір күн бұрын Трамп өзінің әлеуметтік желісінде ұстап әкеткеннен кейін түсірілген Мадуроның суретін жариялады.

Фото: truthsocial.com/@realDonaldTrump

Бұл қақтығыста қаза тапқандардың саны 40-тан кем емес. Марқұм болғандардың арасында әскерилер мен қарапайым адамдар да бар. Бұл жайлы The New York Times басылымы сол күні кешке хабарлады. NYT басылымының жазғанына қарасақ, есірткі саудасына соққы береміз деген желеумен жасалған «Түбегейлі шешім» атты американдық операцияға 150-ден астам әскери ұшақ, соның ішінде дрондар, жарылғыштар мен бомбалаушы ұшақтар қатысты. Олар АҚШ-тың 20 әртүрлі әскери базасы мен Әскери-теңіз күштерінің кемелерінен ұшырылған. АҚШ операцияның басында ерекше тактика қолданды. Алдымен кибер шабуыл жасап, Каракас қаласын электр жарығынан айырды. Қаланы қараңғылық басты. Бұл америкалық әскерлерге қалаға байқатпай кіруге, жақыннан шабуылдауға мүмкіндік берді.

«Венесуэла отар болмайды»

Арнайы операциядан кейін елдің вице-президенті Делси Родригесті уақытша президент болып тағайындалды. Ол бастапқыда АҚШ‑пен диалогқа дайын екенін білдіргенімен кейін қарсы пікір айтты. 

Фото: Instagram / Делси Родригес

«Венесуэла бірде бір империяның отары болмайды. Мадуро мен оның жұбайын тез арада босатуын талап етеміз», — деді Делси Родригес.

Instagram парақшасына 5 қаңтар күні жариялаған соңғы мәлімдемесінде вице-президент былай деді:

«Біз үшін маңыздысы – АҚШ-пен және  басқа елдермен теңдік пен ел ішіне араласуға жол бермеу принципіне сүйене отырып, жақсы, құрметке толы халықаралық қатынастар құру. Бұл қағидалар біздің дипломатиямыздың негізі. АҚШ үкіметін халықаралық заң аясында бірлесіп даму үшін ынтымақтастыққа шақырамыз. Бұл – халықтың бірге бейбіт өмір сүруінің жолы. Президент Дональд Трампқа айтарымыз — біздің халқымызға және өңірімізге соғыс керек емес, бейбітшілік пен сөйлесіп бір шешімге келу керек. Президент Николас Мадуроның ұраны әрдайым осы болды және дәл қазір бүкіл Венесуэла осылай ойлайды. Мен сенетін, өз өмірімді арнаған Венесуэла осындай ел», — деді Делси Родригес.

Фото: Instagram / Делси Родригес

Айта кетейік, Трамптың мәлімдемесінен кейін венесуэлалықтар наразы болып, көшеге шықты. Бұл оқиғалар Венесуэланың мұнай саласын тоқыратып тастады. Себебі елдің мемлекеттік мұнай компаниясы PDVSA экспорт пен өндірісті азайтуға мәжбүр болды.

Қытай бұл қадамды халықаралық құқық пен егемендік қағидаларын бұзу деп сынға алды. Мадуро мен оның жұбайын босатуды талап етті. 

«Қытай АҚШ әрекеттеріне қатты алаңдаулы. Олар Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын күштеп ұстады да, елден шығарды. Қытай бұл әрекеттерді халықаралық заң мен БҰҰ қағидаларын бұзу деп санайды. Қытай АҚШ билігінен президент Мадуро мен оның жұбайының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды дереу босатуды, сондай-ақ Венесуэладағы мемлекеттік билікке жасалған әрекеттерді тоқтатуды және барлық мәселелерді диалог пен келіссөз арқылы шешуді сұрайды», — деп хабарлады Қытайдың сыртқы істер министрлігі.  

Қазақстан мен Венесуэланың ұқсастығы

Қазақстандық мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов АҚШ жайлы «мұнай үшін шабуыл жасады» деген пікірді статистиканы мысалға келтіре отырып жоққа шығарды. 

«Көпшілік Венесуэла «мұнайдың көмбесі» деп, сондықтан оны басып алу үшін соғысу керек деп ойлайды. 303 миллиард баррель деп көрсетілген мұнай – шын мәніндегі қор емес, тек саяси мақсаттағы мәлімдеме. Шын мәнінде, Венесуэла инфрақұрылымды ескерсек, тек 4–5 миллиард баррель ғана  тиімді өндіре алады. Қалғаны «қағаз жүзіндегі баррель», технология мен капитал жетіспеушіліктен жер қойнауында қалған», —  деді Нарымбетов.

«Алайда шын мәнінде бұл «алып» әлемдік мұнай өндірісінің 1%-ының аз бөлігін ғана өндіреді: АҚШ деңгейінің шамамен 5%-ы; Сауд Арабиясы деңгейінің шамамен 10%-ы. Жер астында мұнайдың болуы оның түтікке шығатынын білдірмейді. Статистика АҚШ-тың «Венесуэланың байлығына қызығады» деген мифті жоққа шығарады», — деді Нарымбетов. 

Сарапшының сөзінше, Венесуэланың PDVSA компаниясын Қазақстандағы Өзен мұнай өңдеу кәсіпорнына теңеуге болады. Нарымбетов бұл екі активтің құрылым жағынан ұқсас екенін айтты.

Фото: Ozen.kz

«Венесуэла мен Қазақстандағы Өзен мұнай өңдеу зауыты құрылым жағынан ұқсас: өндіріс шығындары өте жоғары, өндірістен түскен табыстың көп бөлігі шығынға кетеді, әлеуметтік жүк үлкен, ал өндірісті тоқтату мүмкін емес. Бұл кәсіпорындар тек пайда үшін емес, моноқалалардың тіршілігін сақтау үшін жұмыс істейді», — деді Нарымбетов.

Оның пікірінше, Вашингтонға соғыс ашудың қажеті жоқ. Өйткені 15 жыл бойы өндіріс тек азайып келеді. Вашингтон онысызда өз елінде сапалы жеңіл мұнаймен нарықты қамтамасыз етіп отыр. Сарапшы Қазақстанда мұнаймен қоса, газ саласының да тұралап тұрғанын айтты. 

«Қазақстанда қағаз жүзінде 62 трлн м³ газ бар деп көрсетілсе де, шын мәнінде экспортқа шығатын газ аз. Атап айтсақ, жылына тек 30 млрд м³, бұл АҚШ өндірісінің 3%-ы ғана. Жалпы өндіріс жоғары (60 млрд м³), бірақ оның жартысы мұнай өндіру үшін қайтадан жерге құйылады. Қазақстандағы газ – нақты тауар емес, мұнай өндірісіне қызмет ететін «техникалық сұйықтық», — деді Нарымбетов.

Сарапшының сөзінше, қазіргі заманда нарықта көшбасшы болу үшін тек қордың көп болуы емес, оны мемлекеттің қаншалықты тиімді әрі арзан жолмен шығара алатыны маңызды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →