Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа орган Мемлекет басшысының жанынан жұмыс істейді және Ата заңды ауқымды жаңартуға қатысты ұсыныстар әзірлеумен айналысады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Конституциялық комиссияның төрайымы болып Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова тағайындалды.
Төрайымның орынбасарлары:
— Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин,
— Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Комиссияның хатшысы – Президент Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов.
Комиссия құрамына 100-ден астам адам енді.
Олардың қатарында:
- Мәжіліс пен Сенат депутаттары,
- өңірлік мәслихаттардың төрағалары,
- әкімдер,
- Конституциялық соттың судьялары,
- Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері,
- заңгерлер, саясаттанушылар мен ғалымдар,
- БАҚ басшылары мен журналистер,
- қоғамдық кеңестер мен азаматтық сектор өкілдері бар.
Комиссия кеңесші-талдамалық орган мәртебесіне ие. Оның негізгі міндеті – Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарды талдау және ұсынымдар әзірлеу. Ал жұмыс органы ретінде Конституциялық соттың аппараты айқындалды.