«Ақ жол» фракциясының депутаттары Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа ресми сауал жолдап, елдегі діни радикализм мәселесін көтерді. Депутаттар радикал ағымдардың елге іріткі салатынын атап өтіп, осы мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарауды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттар үш жыл бұрын да Парламентте діни теріс ағымдарға заң бойынша тыйым салу қажеттігін айтқанын еске салды. Алайда, олардың айтуынша, содан бері нақты нәтиже көрінбеген. Олар қоғамда резонанс тудырған соңғы екі оқиғаны мысалға келтірді. Бірі – Әз Наурыз мейрамына қарсы шыққан әрекет, екіншісі – әйелін «сыйға тартты» деген имам төңірегіндегі дау. Сонымен қатар, депутаттар сот процестерінде ниқаб мәселесіне де назар аударды.
«Өткенде елді шулатқан екі келеңсіз жайтты жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың қасиетті мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің қатты шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам», – деп жазады «Ақ жол» фракциясының депутаттары.
Ақтөбеде сотталушылардың әйелдері сотқа ниқабпен келгенін тілге тиек етті. Осыған байланысты олар қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабуға тыйым салатын заң талаптарының сақталуына күмән келтірді.
«Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған заң қайда? Заң сақталуы тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді?», – деп жазады «Ақ жол» фракциясының депутаттары.
Депутаттардың пікірінше, мәселе тек жекелеген жағдайлармен шектелмейді.
«Иә, берік ұстаным болмағандықтан, ішкі тұтастықтың іруі ұлттық ұстынымыздың шіруіне жеткізбек. Ал ол Ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін басымыздан өткен қасіреттер айқын көрсетті. Ауыр қасіретті бастан кешіріп отырып, сабақ алудың орнына санақ алып отыра беру қашанғы жалғасады?!. Біз қоғамдағы өте күрделі мәселеге айналған бұл кесепаттың күнде, әр үйде, әр отбасыда кездесуін күтіп, қарап отыра береміз бе? Қазірдің өзінде кеш қалғанымыз айқын. Бірақ кеш қалсақ та, еш қалмау үшін енді заңды қарекетке батыл кірісу керек! Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына ешкім де көлденең көрермен болып отыра алмайды, бәріміз де ертең тақсыретін тартуымыз мүмкін. Сондықтан Атазаңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуы қайырлы боларын нақты іспен көрсетуіміз керек», – дейді олар.
Сауалда қоғамдағы бұл құбылыс күн сайын күшейіп бара жатқаны айтылған. Депутаттар әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарға қарсы насихат күшейгенін атап өтті. Олардың сөзінше, кейбір топтар:
Сондай-ақ, олар дінді жамылып, қоғамға іріткі салатын адамдарға қатысты нақты шаралар қажет екенін айтты.
«Теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтқа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр», – дейді депутаттар.
Депутаттар елдегі түрлі діни ағымдардың көбеюіне де алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы радикалды діни ағымдарға заң жүзінде тыйым салу мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарауды ұсынды.
Олардың пікірінше:
«Бұл – дінге қарсы емес, керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсатты ұйымдарға қарсы бағытталған шара», – деп түйіндеді депутаттар.
Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде психологтарға нақты талап қойылуы керек екенін айтқан еді.