Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат жүргізеді
ҚР президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Президенттің кезектен тыс сайлауында дауыс беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев №58 сайлау учаскесіне сағат 08:48-де келді.
“Қазақстан стратегиялық ұстаным тұрғысынан, экономикамызға 300 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанын ескерсек, біздің нарықта әлемдік деңгейдегі ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істейтінін ескерсек, қазіргі көпвекторлы деп айтылып жүрген сыртқы саясатты жүргізуге міндетті. Қазақстан БҰҰ Жарғысына мойынсұнуы керектігі, бейбіт сыртқы саясат жүргізуі керектігі туралы әңгіме көп айтылып жүр. Біз сонымен айналысамыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сайлау учаскесінің төрағасы Қымбат Мұқанованың айтуынша, мұнда 2 627 адам тіркелген. Қазіргі уақытта 200-ден астам сайлаушы дауыс беріп үлгерген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын халықтық коалиция, бірнеше саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған болатын.
Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты 12 қазанда ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.
Қасым- Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың өкілдері еліміздің барлық өңірлерінде қызмет жасауда.