×

Ресей мен Украина соғысы адамдардың қазақ тілі мен мәдениетін меңгеруге деген құштарлығын оятты

Заңгер қазақ тілін не үшін үйрене бастағанын айтып берді

Ресей мен Украина соғысы адамдардың қазақ тілі мен мәдениетін меңгеруге деген құштарлығын оятты
Sputnik / Абзал Калиев

Қазақша онша сөйлей алмаймын. Нашар десем де болады. Қарапайым сөздерді түсініп, өте оңай тұрмыстық нәрсені айта аламын. Ана тілін білуім осыдан аспайды. 

Неліктен солай болғаны түсінікті. Жоқ, мәселе менің орыс тілді ортада өскенімде емес. Мен бала емеспін, есейген кезде-ақ тілді меңгеріп алуыма болар еді. Мәселе тіл үйренудің қиындығында да емес, қазір курстар, мұғалімдер, оқулықтар жетеді. Осыған байланысты жағдай соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Қате сөйлесем, біреу мазақтайды деп қорыққанымда да тұрған дәнеңе жоқ. Дені сау адам күлмейді, ал ақымақтың сөзіне мән бермеймін. 

Маған кешіріммен қараудың жөні жоқ, мұның себебі тым қарапайым. Жай ғана қазақ тілі маған керек болмады. 

Мансап, табысты бизнес, басқа да маңызды нәрсенің тілге еш қатысы болмады. Жұмыс істеу үшін маған ағылшын тілі керек болды, жап-жақсы сөйлеуді үйрендім. Қазақ тіліне мұндай қажеттілік болған жоқ. Кітап оқып, кино көру үшін қазақ тілінің қажеті шамалы еді, қай кезде де орыс және ағылшын тілінде контент жетіп артылды, не қажеттінің бәрін алуға болады. Міне, бар гәп осында. Қажет болмаса, өзіңізді соған мәжбүрлеу сирек кездеседі ғой. 

Сонымен, ең қызықтысы не екенін білесіз бе? Ахуал өзгерді. Күн өткен сайын қазақ тілінің керек екенін түсініп келемін. Тіпті, ауадай қажет сияқты. Қазақша жазуды, сөйлеуді бастап, тілді үйрену керектігін түсінемін. Қазір соған кірістім. 

Бұл өзгерістің қарапайым себебі бар. Оны бір сөзбен түсіндіруге болады. Бұл соғыс. Ресейдің Украинаға қарсы шабуылы қазақ тілін дамытуға жол ашқанына сенімдімін. Мәселе базбіреулер жақсы көретіндей орыс ұлтынан, орыс тілінен, мәдениеттен бас тартуда емес. Орыс мәдениеті әрқашан жеке мәдениетімнің ажырамас бөлігі, бұл енді ешқашан өзгермейді. 

Мәселе басқада. 

Соңғы жылдары біз орыс мәдениетімен, медиасымен, басқа да салада бірге жасасып, біте қайнастық. Қазақстанда ресейлік телеарналар емін-еркін көрсетілді. Ресей кітаптарын, сайттарын оқыдық, қызықты, керемет шоуларын көрдік. Біздің талантты жігіттер әлдебір жетістікке жету үшін Ресейге кетті. Бұл ресми, бейресми, үгіт-насихат, либералды, күрделі, қарапайым, ақылды және ақымақ сынды әртүрлі ақпараттық кеңістік еді. Ең бастысы, мұның бәрі орыс тілінде болды, ал біз Қазақстанда соның бәрін тұтындық. Таңдау көп болғасын әркім өзіне ұнайтынын таңдады. 

Соғыс басталғасын енді ешкім таңдағысы келмейді. Ресми ресейлік БАҚ есінен ауысты. Ресейлік либералдар мен соғысқа қарсылар жыл бойы қайсысы либерал, қайсысы қарсылас екені жайлы ырылдасып келді. Тіпті, мүлде бейтарап нәрсені көрудің, тыңдаудың, оқудың өзі өте қиын, себебі қандай да бір Comedy Club көргенде, олардың ісінен өзің ұяласың. Бұрынғыдай өмір сүреміз деп ойлаудың өзі ұят. 

Соғыстың басталғасын орыс тілді кеңістікке басымен кіргендердің өзі де бір қарапайым нәрсені жақсы түсінді. МҰНЫҢ БӘРІ БІЗГЕ ҚАТЫСТЫ ЕМЕС. Бұл енді біздікі емес. Мұның енді бізге қатысы жоқ. Біз мүлде басқа елде және басқа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл қоғамның өз тілі – қазақ тілі бар. 

Соғыс бір таңғаларлық нәрсенің бетін ашты. Ол орыс тілінің сүйкімін кетірді. Ендігәрі ол мәдениетпен, прогресспен және өзге де жақсы нәрселермен бірге айтылмайды. Соғыс Ресеймен көршілес елдерде тұратындарды, осы уақытқа дейін соның мәдени ықпалында болғандардың бәрінде кенеттен өзінің төл нәрсесіне деген құштарлығын оятты. Бұл – қазақ тілі мен қазақ мәдениеті. 

Ал мұны зерттей бастағанда, айтпақшы соңғы жылдары осымен айналыстым, сол кезде Қазақстанда заманауи қазақ тілді кеңістік бар екенін түсінесіз. Тек тарихи әдебиет емес, бұл бәріне белгілі, заманауи туынды. Кино бар. Подкасттар мен Youtube арналары бар. Қызықты адамдар да жеткілікті. Құлақ құрышын қандыратын тамаша әуен де бар. Былтыр күзде Ұлыбританияда жүрген кезімде, кейде қатты қиналған сәтте қазақ музыкасы маған көп көмегін тигізді. 

Сіз сол мәдениеттің бір бөлшегі болғыңыз келеді. Себебі ол сіздікі. 

Сол себепті Кембридждегі оқуды аяқтағаннан кейін өзіме қойған жаңа үлкен міндеттің бірі – орыс тілі сияқты қазақ тілінде еркін жазып үйренетін деңгейге жету. Ерте ме, кеш пе мен оған жетемін. Әрі бір нәрсеге сенімдімін – мен жалғыз емеспін. Қазақ тілі – бұл болашақтың тілі. Елімізде бәсекеге қабілетті болғыңыз келсе, қазақ тілін қазірден бастап үйренуіміз керек. Бұл ең маңызды дағды. 
Мұны дер кезінде түсінгеніме қуанамын.

Ержан Есімханов

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →