34 жыл бойы құжаттар тек орыс тілінде жазылып келді
Қырғызстан мемлекеттік тілде сөйлемейтін шенеуніктерді қызметінен босатады. Ресей жаңа заңды сынады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап.
Қырғызстан Үкіметі мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер қызметінен босатылады деп мәлімдеді. Бірнеше күн бұрын Президент Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілінде сөйлеуге міндеттейтін заңға қол қойған еді.
Қырғызстанда жаңа заң күшіне енгеннен кейін қырғыз тілін білмейтін шенеуніктер қызметінен кетеді. 27 шілдеде мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комитет басшысы Қаныбек Осмоналиев “қырғыз тілін білмейтін шенеуніктердің тіл үйренуге жеткілікті уақыты болды, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге жылдар бойы талпыныс жасалып келеді” деді.
— Қырғыз тілін үйренуге 3-4 жыл уақыттары болды. Шын қалаған адам алты айда қырғызша сөйлеп кетер еді. Берілген уақыт бітті. Енді қырғыз тілін білмейтін шенеуніктер қызметінен босатылады, — деді Осмоналиев.
Бұл мәлімдемеден бірнеше күн бұрын президент Садыр Жапаров барлық мемлекеттік мекемелерде қырғыз тілі қолданылуы керек деген заңға қол қойған.
Енді барлық мемлекеттік және жекеменшік теле/радиоарналардағы бағдарламалардың 60 пайызы қырғыз тілінде болуы керек. Қырғызстанда орыстілді арналардың ықпалы жоғары.
Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер қырғыз тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Бұл талап шенеуніктер, депутаттар, орталық банк өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, судьялар, прокурорлар, адвокаттар мен нотариустарға жүреді.
Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие.
Мемлекеттік тіл туралы заң ресейлік саясаткерлерге ұнамады. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл заңды “демократияға қайшы, дискриминациялық жоба” деп бағалады.
Жапаров Лавровтың пікірімен келіспей, орыс тілі Қырғызстан Конституциясына сай ресми тіл болып қалатынын, оған дискриминация жасалмайтынын айтты.
Қырғызстан президенті орыс тілінің маңызын, оның ТМД елдерінің азаматтары арасындағы қарым-қатынас құралы екенін атап өтті. Жапаров Қырғызстанның өкілетті тұлғалары Қытай, Таяу Шығыс пен Еуропаға сапарында қырғызша емес, орысша сөйлейтінін сынады.
Қырғызстан — Ресейдің жақын одақтасы. Елде орыс тілі кең таралған, қырғыздар бұл тілде еркін сөйлейді.
Жапаров қырғыз шенеуніктері туған тілін жетік білуі керегін ескертті.
— Біздің шенеуніктер мен депутаттарға қараңыздаршы: жартысы — орыс, жартысы қырғыз тілінде сөйлейді. Ешқайсымыз не орыс, не қырғыз тілін жетік білмейміз, — деді ол.
Қырғызстанда Мемлекеттік тіл туралы заң 1989 жылы қабылданды. Заңға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
— Осыған дейінгі заңда ресми құжаттар не қырғыз, не орыс тілінде жазылуы керек деп көрсетілген еді. 34 жыл бойы құжаттар тек орыс тілінде жазылып келді. Жаңа заңнан бұл бөлімді алып тастадық, — деді Осмоналиев.
Шенеуніктің сөзінше, барлық құжаттар қырғыз тілінде болуы керек. Қажет болған жағдайда, құжаттарды басқа тілге аударуға болады.
Қырғызстанда тәуелсіздік алғаннан бастап кириллицадан латын әліпбиіне көшу ұсынылып келеді. Орталық Азияның үш мемлекеті латын қарпін қолданады. Бірақ Жапаров пен оған дейінгі президенттер бұл ұсынысқа қарсы болған.
Сәуірде Жапаров “латын әліпбиіне көшуге әлі ерте” деген. Қырғызстан астанасы Бішкек — Совет одағы тұсындағы аудандардың атауы сақталып қалған Орталық Азиядағы жалғыз қала. Қалада тіпті Владимир Лениннің атымен аталатын аудан бар.
Былтыр қырғыз азаматтары аудандардың атауын ауыстыруды талап еткенде Ресейдің ақпарат құралдары мен саясаткерлері мұны “Бішкекті дерусификациялауға үндеу” деп қабылдаған. Олар “бұл — орыс тілін шеттетуге жасалған қадам” деп дүрлікті.
27 шілдеде Ресейдің кері реакциясына жауап берген Осмоналиев “Әлемде бір де бір ел орыс тіліне Қырғызстан сияқты қарамайды” деді. Қырғызстаннан бөлек, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан сияқты бірқатар постсоветтік елдерде орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие.
— Ресейдің өкілетті тұлғалары Қырғызстанда орыс тілін шеттетіп жатыр дейді. Жаңа заңда орыс тілі — ресми тіл деп анық жазылған. Қырғызстан Конституциясында да дәл солай. Әлемнің бір де бір елінде мұндай жоқ. Тағы 100 рет қайталайық па? — деді Осмоналиев.