×

«Қолды болмаған не қалды»: Қызылордада ұсталған белсенді екі күн бұрын пост жазған

Белсенді қандай пост жазды

«Қолды болмаған не қалды»: Қызылордада ұсталған белсенді екі күн бұрын пост жазған
Фото: Сандуғаш Тұрлыбекова

Қызылорда облысында ұсталған белсенді Сандуғаш Тұрлыбекова екі күн бұрын әлеуметтік желіде заңсыздық жайлы айтып, әлеуметтік желіге жазба қалдырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тұрлыбекова қандай пост жазды?

Ұсталған Сандуғаш Тұрлыбекова екі күн бұрын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтан бастап, Үкімет, Президент әкімшілігіне дейін белгілеп пост жазғаны белгілі болды.

«Халықтың тұрғын үйлік жерлері қолды болып жатқаны заңды белден басып алынғанын өздеріңіз де айтып отырсыздар. Енді мынау таулы жерлердегі жайылымдық жерлерде болса да бай-бағландар алып алған дейді. Манап ауылының тұсындағы плотинаға тақап тұрып Қой ауыл соғып алып тайраңдап жүрген кім?Кез келген жерді иеленіп қоршап ала беретін қай көпес екен? Ауылдың халқы шулап отыр. Плотинаның суына малдың өліктерін тастап, бықсытып отыр дейді. Бұл жерлерге берілуге рұқсат етілмесе де, рұқсатты беріп отырғандар кім? Ауданда басымдық беріп отырған кімдер?» – деп жазады ол Жаңақорған ауданының жерін көрсетіп.

Сандуғаш Тұрлыбекова жер қатынастар бөлімі Жаңақорғанда тұрғын үй жері жырын бітіре алмай жатқанда шаруашылық пен жайылымдық жерлердің де осындай жағдайда қалғанын жазған.

«Не деген жауыз болғансыңдар?! Қолды болмаған не қалды өзі? Манап ауылы әкімі де бұл жер туралы ләм-мим демейді, өйткені тісі батпайды. Заңсыз салынған құрылыстарын бұзып, жерді босатуды халқы талап етіп отыр. Егерде сол жерге қарапайым халық барып малын жаймақ түгілі дәрет сындырса, айыппұл салар едіңдер, иә. Қаншама рет құзырлы орындарға айтылған дейді. Бірақ "жабулы қазан жабулы" қалған екен. Қандай құдіреті бар адам алған екен? Құзырлы орындар жедел түрде зерттеп, шешім шығаруды сұраймыз. Заңсыздыққа жол жоқ!» – деп жазған ол.

Ресми органның жауабы

Сандуғаш Тұрлыбекованың бұл постына Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі жауап қалдырған. Бөлімнің хабарлауынша, бұл мәселе осыған дейін де бірнеше рет көтерілген.

«Аталған жер учаскесі Манап ауылдық округі тұрғындарына жалпы үлескерлікпен уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген жайылымдық жер учаскесі. Қазіргі таңда осы жер учаскесіне үлескерлердің келісімімен маусымдық мал төлдету кезінде отыратын уақытша қора жай салып, пайдаланып келеді. Сонымен қатар, қора жай су тоғанынан 500-600 метр қашықтықта орналасқан. Тоғанға мал өлекселерін тастап жатыр деуге дәлелді негіздемелер жоқ», – делінген жауапта.

«Ханның қызы» оқиғасы жайлы

2020 жылы әлеуметтік желіде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықоваға ашуланған жергілікті тұрғынның видеосы тараған еді. Бейнежазбада облыс әкімінің бір нысандарды аралауына байланысты қоғамдық көліктерді жүргізбей, көшені жауып тастағаны айтылған. Жаяу жүріп шаршаған тұрғындардың бірі Гүлшара  Әбдіхалықованың алдынан шығып,  осы мәселені көтергенімен, әкім ашулы тұрғындармен тілдесіп, мән-жайды түсіндіріп жарытпаған. «Мен жолды жаптырған жоқпын» деп қысқа қайырып, жүйткіген  сүліктей қара машинасына мініп кеткен. Қызылордалық тұрғын «бұл ханның қызы ма» деп айтып қалған еді. Содан бері Әбдіхалықованы бәрі «ханның қызы» атап кеткен болатын.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға «ханның қызы» деп ат қойған Сандуғаш Тұрлыбекованың ұсталғаны жөнінде ақпарат кеше тараған еді. Қызылорда полиция департаменті «аталған жарияланым бойынша Қызылорда облысы Полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын» хабарлаған. Өзге ақпаратты тергеу құпиялығына байланысты жария етпеген.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Сенатта 2025 жылы шығыстарды 60 млрд теңге сомаға ұлғайту қолдау тапты
Ол құқық қорғау органдары бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын айтты
Қаржы министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →