Депутат отандық әуе компаниясына үндеу жасады
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров су тасқыны кезінде Атыраудан Астанаға ұшатын әуе билетінің бағасын көтеріп жіберген Air Astana компаниясына үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Атыраулықтардың басына ауыр күн туғанда сіздердің тараптан жасалған әрекет ақылға қонымсыз. Дәл қазір мыңдаған отандасымыз үйсіз далада қалды. Туыс жағалап, жан қамымен басы қатып жатыр. Топан судан кішкентай балалардың, қаттардың, омырауында сәбиі бар аналардың алған күйзелісін біз айтып жатқан да жоқпыз. Аймақтардан көмекке асыққан белсенділер аз емес, бірақ Атырауға жетудің амалын таппай отыр. Мысалы, Алматы-Атырау бағытындағы билет құны 300 000 теңге, ал Атырау-Ақтау бағытындағы билет бағасы 200 000 теңге, осы ақылға сия ма? Неге бір оңтайлы жолын қарастырмайсыздар? Әлде сіздерге елдің салығы керек, қаражаты керек, бірақ проблемасы керек емес пе? Әлде біз түсінбейтін дүние бар ма?
Меніңше, бұл мәселеге Үкімет те көңіл бөлуі керек», - деді Айдарбек Қожаназаров.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жылыой ауданы Құлсары қаласында су басқан үйлер саны – 2680.