Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасуда
Сот процесі кезінде бүгін экс-министрдің адвокаты Ерлан Ғазымжанов екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа сұрақ қоймақ болған. Алайда судья Көлбаева ол сұрақтардың қайталанып жатқанын ескертті. Байжановқа «Бишімбаев мені қарғады» деген сөзіне байланысты сұрақ қойылған еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы кезде Бишімбаев сөзге араласты.
«Байжанов менен «вип-залға қайта-қайта кіргенін жасырғысы келіп, маған солай айт» деп отыр. Нашатырмен байланысты оқиғаны өздеріңіз өзінен нақтыладыңыздар. Ал менен сұрамадыңыздар. Мәселе мынада: ол випзалға сол нашатыр спиртімен кірді де, сол банкіні қайта алып шықты. Ол оны қалай қолданғанын да білмеймін. Ол сол жерде 5 минут бойы болды. Сол уақыттан бері, бес ай бойы мен одан құжаттарды талап етіп келемін. Ал ол маған «егер өз жауабыңызда сол випзалда болғанымды айтпасаңыз ғана беремін» дейді. Ол випзалда 5-6 минут болды, Нүкенова ұйықтап, қорылдап жатқанын көрді», - дейді ол.
Бишімбаев Байжанов сотта өзін «ауылдың аңқау баласы ретінде көрсеткісі келетінін» айтады.
«Шын мәнінде, ол осы уақыттан бері менен пәтерді талап етеді, қаржы құжаттарын бермейді. Маған керекті жауапты бермесеңіз, мен сізге ол құжаттарды бермеймін» дейді. Ол аз десеңіз, менің бұрынғы әйеліммен сөз байласып, олар менің көлігімді ұрлады», - деп айта бергенде экс-министрдің сөзін судья бөлді.