×

«Үкімет не үшін отыр?»: сенатор демографиялық орган құруды қолдамаған билік өкілдерін сынады

Сенатор халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет ететінін мәлімдеді

«Үкімет не үшін отыр?»: сенатор демографиялық орган құруды қолдамаған билік өкілдерін сынады
Фото: parlam.kz

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы Олжас Бектеновке демография саясатына байланысты көтерген өзекті мәселелердің бәрін Үкімет елемейтінін ескертіп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нұртөре Жүсіп өткен сессияда демографиялық өсу – ұлттық стратегиялық артықшылықтардың негізі тақырыбында Үкімет сағатын өткенін, Сенат тиісті органдарға бірқатар ұсынымдар жолдағанын айтып өтті. Осыған байланысты көтерген проблемалық мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйі қалған.

«Мәселен, Үкіметке демографиялық мәселелер бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес депті. Бұл қалай сонда? Бәрі керек те, демография керек емес пе? Енді қараңыз, елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған, мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз. Сенат өткізген Үкімет сағатында ұзақмерзімді және орта мерзімді перспективада сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылды. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында барлық салалық министрліктердің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр», – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Нұртөре Жүсіптің сөзінше, Үкімет сағатының бірінде ел демографиясы дамуының тұрақты ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілген. Алайда ол ұсынысты да Үкімет орынсыз деп санаған.

Сонымен қатар ол Еңбек министрлігі Жер министрлігіне жер учаскелерін 10-15 жылдан кейін жеке меншікке беру құқығы мен жалға беру мүмкіндігін зерделеу, салық жеңілдіктерін жасау, техника, мал сатып алуға, үй салуға, сондай-ақ төмен пайыздық несие беру, Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыскерлерге климаттық үстемеақы, жалақы тағайындау мүмкіндігін зерделеу турал нақты ұсыныстар берілгенмен, Еңбек министрлігінің жауабында да бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер көрсетілмегенін де атап өтті. 

Сенатор демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет ететінін мәлімдеді. Бұл жағынан Үкіметтің нақты жауапкершілігінің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетініне басты назар аудару керек деп есептейді.

 «Сенаттың демография саясатына байланысты көтерген өзекті мәселелерінің бәрін елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса, Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Мұның бәрінің кімге арналғанын білмей отырып,елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз? Бір сөзбен, Үкімет берген жауап көңіл көншітпейді», – дейді Нұртөре Жүсіп.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →