Ол жобаның көрмей таңдау кезеңіде атақты «Run to you» әнін орындаған
Бауырлас ел Әзербайжанда ең ауқымды және ең қымбат тележоба «Әзербайжан дауысы» басталды. Оған тек жергілікті өнерпаздар ғана емес, өзге мемлекеттердің де талантты әншілері қатысып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еліміздің атынан атыраулық Санат Асуат барған. Ол жобаның көрмей таңдау кезеңіде атақты «Run to you» әнін орындап, төрешілердің үшеуін өзіне қаратып, ерекше вокалдық қабілетін көрсете білді.
Әкесі Мұрат Ғабдусалимов тек Қазақстанға емес, алыс-жақын шетелге танымал ұлттық спорт түрі садақ ісінің шебері. Жастайынан өнер жолын қуған Санат та әке жолын да сақтап, садақ атудың шебері, сондай-ақ, 8-Кю каратэ-до годзюрюдің сары белбеуінің иегері. Жан-жақты болып өскен әнші бала күнінен өнерге бет бұрып, талай байқауларда топ жарды. Ол бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Junior Eurovision Kazakhstan 2018 финалисі, «WAF Awards – 2022» иегері. Сондай-ақ, Франция мен Бельгия радиосында ротацияға енген қазақстандық орындаушылардың бірі.
24KZ тілшісінің хабарлауынша, 20 жастағы ару қазір Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Эстрада вокалы» мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Жалпы ол 5 жасынан бастап ән айтады. Алғаш рет өнерін ата-анасы байқаған. Ал бұл жобаға қатысатынын атасы дүниеден өткеннен кейін бірнеше күннен соң естігенін айтады.
«Ол атамнан белгі болғандай», - дейді Санат Асуат.
«Әзербайжан дауысы» тележобасына халық әртістері Зүльфия Ханбабаева мен Роя Айхан, сондай-ақ Eurovision ән байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов пен композитор Мурад Ариф қазылық етеді.
Санатты Елдар Гасымов өз тәлімгерлігіне алған.
«Бұл байқауға біраз шетелдік өнерпаз қатысып жатыр. Санат Асуат менің тобыма қосылды. Мен оның дауысын естіп, қатты тәнті болдым. Сондықтан еш ойланбастан таңдадым. Қазақтың қаршадай ғана қызы екен. Өте талантты», - дейді Елдар Гасымов.
Айта кетейік, алда әлі үш кезең бар.