Бұл тойды танымал әзілкеш Қанат Әлжапбаров жүргізген
Қарағанды облысындағы тойлардың бірінде ерекше жағдай орын алды. Жеке шаруа қожалығы бар азамат досының тойының шығынын толық өзі көтеріп алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Желіде тараған видеоға қарасақ, ол тілек айтуға шыққанда үй иесіне доллармен ақша ұсынады.
«Осы тойды толық мен көтердім. Ерболат, (үйленіп жатқан күйеу жігіт) той құтты болсын! Той шығынын санайсыздар, қанша кетті, маған айтыңыздар. Бастапқы шығынды жабуға 10 миллион теңге алып келдім. Қалған жетпегенін айтасыздар, қосып беремін. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Осы тойға келген 300-400 адам неге бұлай істеді десе, мен бір сөзбен жауап бергім келеді: мен Ерболатты жақсы көремін», – дейді жомарт жігіт.
Желіде пікір жазғандардың көбісі дос дегеннің осындайда сыналатынын айтып, мәрттігіне риза болып жатыр.
«Алмақтың да салмағы бар», «Туысқандар санасатын заманда бұл азаматтық болған екен», «Осындай дос қайда бар?», «Мені асырап алшы», «Қарағандының жігіттері мықты», «Мұндай дос керек болса, өзің де сондай дос бола білуің қажет», «Респект», «Керемет достар», «Мәрт жігіттер бар ғой», – деген пікірлер бар.
Бұл тойды танымал әзілкеш Қанат Әлжапбаров жүргізген.