Қытайдағы хид-парадта бұл ән үшінші орынға көтерілген
Adam есімді қазақстандық әншінің «Жүрек» атты әні соңғы кездері TikTok платформасында үлкен танымалдыққа ие болды. Осы күні қытай, кәріс азаматтарының бұл әнге түсірген видеоларының саны тым көп, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қытай, Корея, Вьетнам, Марокко, Албания, Германия, Украина, Армения, Франция сияқты елдерде танымалдыққа ие болған. Қытайдағы хид-парадта бұл ән үшінші орынға көтерілген.
Желідегі видеоларға қазақстандық көрермендер де пікір жазған. Кейбірі қазақ әнінің осындай танымалдылыққа ие болғанына сенбей жатыр.
«Шынымен біздің әнге билеп жатыр ма?», «Қытай мен Кореяда хит екен», «Қазақтар барлық жерде жүреді, қатты сыйлаймын», «Қазақшаға түсінетіндей билеп жатыр», «Осы өлең маған да ұнайды», «Негізі бұл билейтін ән емес қой», «Бұлар қазақша әнге билесе рекке шығатынын біліп алған», «TikTok-тың арқасы, әлі әлем қазақша сөйлейді», - делінген пікірлер бар.
Қазір әннің мәтіні ағылшын тіліне аударылып та, желіде таралып жатыр. Осы әнді орындаған Adam есімді әнші newsroom.kz порталына берген сұхбатында өзі туралы қысқаша айта кеткен.
«Мен «Жүрек» әнін шынайы жүрекпен жаздым. Мұнда ерекше ештеңе жоқ. Бастысы шынайы ниеттен туған. Бірақ біз күтпеген танымалдыққа ие болды. Әлемдік деңгейде танымал болады деп ойламадым. Бұл трек әлемдік World shazam хит-парадының тізіміне ілікті. Әнді өзім жазғанмын. Мен Қазақстанда дүниеге келген этникалық өзбек жігітімін. Әке-шешем тұрмақ, аталарымда осында туған. Бізді сондықтан қазақ деп санайтындар көп, өзіміз де қазақ болып кеттік», - дейді Adam.
Жалпы, TikTok платформасында тойда айтылатын қазақша әндер жақсы танымалдылыққа ие. Мысалы, Рахымжан Жақайымның «Сен маған массың» әні Азия көлемінде кең таралған. Қазақстандық дуэт Tanir мен Tyomcha «Da Da Da» трегі де Азия аумағында хитке айналған.