Халқымыздың әйел затына ерекше құрметі осы заманға дейін сақталып келеді
Қазақта «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдар бар. Ол әр отбасының дүниеге келіп, бала өсіріп, жетілдіретін алтын ұясы, қасиетті ордасы. Туған үй, қара шаңырақ – өмір бойы ыстық сезіммен еске алатын, жаныңды ерекше жылылыққа толтыратын қымбат ұғым, деп хабарлайды Qaz365.kz
Қоғам мен мемлекетте болып жатқан өзгерістер мен саналуан құбылыстар, әлеуметтік жағдай, халық денсаулығы, экологиялық ахуал, барлығы отбасына әсерін тигізеді. Заман ағымына сай дәстүрлі мағынадағы қазақ отбасы да өзгерістерге ұшырағаны шындық. Әйтсе де, отбасының қоғамды жаңғыртып отыратын, адамды әлеуметтендіретін аса маңызды рөлі ешқашан өзгермейді. Мұнда жаңа ұрпақ дүниеге келеді, оның бойындағы бүкіл қасиеттері қалыптасады. Мемлекеттің табысты болуы да отбасы әлеуетіне байланысты. Оның ішінде, отбасының алтын арқауы іспетті әйел адамның орны бөлек.
Халқымыздың әйел затына ерекше құрметі осы заманға дейін сақталып келеді. Ежелгі түркілер анасын үйдің құты мен берекесі, ұйытқысы мен жылуы деп жоғары бағалапты. Аңыздарға сүйенсек, Ұмай ана ұрпақ жалғастығын жебейтін періште, аналарды қолдайтын мейірімді рухани күш саналады. Ер адам киіз үйдің шаңырағын көтерсе, әйелі уығын қадады, сөйтіп әйел ердің қосағы, теңі және сырласы бола білді. Ұрпақ болашағын әріден ойлаған түркілер анасының шыққан тегіне айрықша мән беріп, қыз баланың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін терең түсінген.
Егер де қазақ халқының болмысындағы бүкіл жақсы қасиеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы, асыл дәстүрі, діні мен ділі осы күнге дейін үзілмей жетсе, ол ең алдымен аналардың, әйелдердің ықпалы десек қателеспейміз. Өйткені алдымен баласына, одан кейін немересі мен шөбересіне ұлттық мінезді сіңіруші, дарытушы, оған тәрбие дәнін егуші бірден бір адам – ана. Халқымыз «қыздың жолы жіңішке» дей отырып, оған жан-жақты тәрбие беруде әдептілік, инабаттылық, намысшылдық, қайсарлық сияқты қасиетті сіңіріп, адамгершілікке, парасаттылыққа, еңбексүйгіштікке, әдемілікке баулыған. Қазақ әйелі – қашан да инабатты, ізетті, сыпайы, көркем, сергек, байсалды, тәрбиелі, керек жерінде өткір де батыл, қайсар бола біледі. Қазақ тарихында атақты Қабанбай батырдың қызы – Назым, Абылай ханның қызы – Гауһар, ақылдылығымен, әулиелігімен аты шыққан Бегім ана, Бұланбай батырдың жары Айбике, Кенесарының қарындасы Бопай, Шоқанның әжесі, бірнеше шығыс тілін білген Айғаным ханша тәрізді ел арасында беделі жоғары әйел-аналар көп болған.
Сақ ханшасы Томирис елінің қорғаны болды. Құртқа мен Қарлыға сын сағатта ерінің жанынан табылып, шын жанашыр, көмекшісі болды. Баян мен Жібек махаббатқа мәңгі адалдықтың айшықты нышанына айналды. Сара Есова, Алма Оразбаева, Нәзипа Құлжанова мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Әлия мен Мәншүк асқан батырлығымен елінің жүрегінде қалды. Осылайша ару қыздар даналығымен, ақыл-парасатымен, байсалды да ұстамдылығымен танылды.
Десе де, қазақ қоғамындағы әйелдің орны мен мәртебесі туралы әртүрлі көзқарастар бар. Кеңестік кезеңде қазақ әйелі совет үкіметі орнағанға дейін ешбір құқықсыз болды, ол зат секілді сатылды, күні қараң, өмірі азапты болды деген сияқты бірыңғай теріс пікір орын алды. Алайда әйел-ананың қазақ отбасындағы рөлі өзге түркі тілдес халықтарға қарағанда анағұрлым жоғары болды деп айтуға толық негіз бар. Бұған қазақ қызының ешқашан бетін бүркемегені, паранжа кимегені айқын дәлел. Қыз баланы жат жұрттық санаған қазақ қызын тек төрге отырғызды, оң жақта күтіп ұстады. Ал әйелдердің сайлауға қатыспағаны, қоғамдық мәселелерді шешуге араласпағаны тек қазаққа ғана емес, ол ХХ ғасырдың басына дейінгі батыс елдерінің барлығына тән құбылыс.
Жеке ескерткіштер былай тұрсын, қазақ даласында Қырыққыз қала, Баршынкент сияқты қалалар болған. Қазақстан аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты қойылған топонимдер де өте көп: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Қырық қыз, Қамырлы әулие, Келіншектау және басқа.
Халқымыз қазақ әйелінің мәртебесін биік санағаны «ана тілі» деген асқақ атаудан-ақ көрініп тұр. Ана тіліміз ана сүтімен, бесік жырымен ұрпағын тәрбиелейтін қазақ әйелінің арқасында мәйегін бұзбай, көркем күйінде бүгінгі күнге келіп жетті. Ал егер қазіргі тұста Конституцияда көрсетілген мемлекеттік тіл деген құқықтық мәртебесіне толық ие бола алмай отырса, онда мұның өзі ең алдымен қазақы мінез бен ана тілін үйрететін қазақ әйелінің әлеуметтік қызметінің өз дәрежесінде емес екендігінің айғағы.
Қоғам алға жылжып, заман өзгерді, бүгінгі күні қазақ әйелі мен ер-азаматының әлеуметтік мәртебесі теңесті. Тәуелсіз Қазақстанның қыздары әлемдік деңгейде білім алып, қоғамнан өзіне тиесілі орнын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да жан-жақты меңгеріп, қоғамның барлық саласында ер азаматтардан қалыспай, ірі қызметті де атқаруда. Еліміздегі қазіргі гендерлік саясат әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына кеңінен жол ашты. Кәсіпте табысқа жеткен, бизнесте үлкен белестерді бағындырған қыздарымыз қаншама.
Бұрын да, қазір де ұлтымызды біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің бірі де бірегейі – ана болып қала беретіні аян. Қай заманда болмасын әйел-ананың тілегі – ең алдымен елдің тыныштығы, отбасының бірлігі, балаларының аман-саулығы. Адамзат отбасынан артық қоғамның берекелі ұясын тапқан жоқ, сондықтан да әйел-ананың мәртебесі биіктей берсе, ұрпағымыздың болашағы да жарқын.