×

Бауырлас жұрттың ортақ әліпбиі – ұлттық бірегейліктің қалқаны

Тіл – өзара ыдырауға бет алған елді, тозған қауымды кез келген уақытта қайта біріктіруге қабілетті құдіретті күш

Бауырлас жұрттың ортақ әліпбиі – ұлттық бірегейліктің қалқаны
Фото: ашық дереккөзден

Тіл реформасы аясында латын әліпбиін жетілдіру мәселесі әлі де жалғасып жатыр. Бұл өзгерістер тіл қолданысын қаріптік, әріптік, грамматикалық, лексикалық тұрғыдан жеңілдету мақсатын көздейді. Сонымен қатар түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайту үшін түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы ұсынылған. Ортақ әліпби бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақын табыстыра түспек – ұлттық бірегейліктің де кепілі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тіл – өзара ыдырауға бет алған елді, тозған қауымды кез келген уақытта қайта біріктіруге қабілетті құдіретті күш. Дегенмен, қазіргі кезде біртұтас «түркі тілі» жоқ, ал қолданыстағы түркі тілдерінде айтарлықтай өзгешеліктер бар екені белгілі. Бірақ соның өзінде, дауысты дыбыстар ерекшелігін айтпағанда, түркілер бір-бірін біршама оңай түсінетіні рас. Зерттеушілер көрсеткендей, XV ғасырға дейінгі тарихи-мәдени жазба  мұралар барлық түркі тектес халықтардың бәріне ортақ. Көне түркілердің Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, «Оғызнама», «Құтадғу білік», «Кодекс-Куманикус», «Жамиғ-ат-тауарих» және басқа аса мол рухани байлығы бүгінгі күні  де оларды табыстыратын құралға айналып отыр. Әйгілі шығыстанушы В.Бартольд: «...Бұл жазбалар VI ғасырда тарих сахнасына көтерілген және өз билігіне бірден Қытай шекарасынан Парсы және Византияға дейінгі бүкіл даланы бағындырған, өздерін түркілер деп атаған халыққа тиесілі» деген еді. Сондықтан болар, түркі тілдес халықтар қазіргі кезде де  жекелеген сөздерді ғана емес, тұтас сөз тіркестерін де аудармасыз түсіне  алады.

Мамандардың айтуынша, бұл тілдердегі өзгешеліктердің көпшілігі – бір сөздің фонетикалық нұсқалары ғана. Мысалы, жол – йол, дол, джол, шол; жер – джер, йер, зер, сер, дьер, чер, т.б. Тіпті, «Түркі халқы үшін, Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым» деп, ұрпаққа аманатын тасқа бәдіздеп кеткен Күлтегін ескерткішіндегі  сөздердің басым көпшілігі қазіргі кезде еш өзгеріссіз қолданылады, мысалы: таш-тас, тағ-тау, йел-жел, көк-көк, ырақ-алыс, йақын-жақын, йоры-жүр. Белгілі тарихшы, түрколог С.Г.Кляшторный: «Руналық жазбалар тілі VIII-X ғасырларда өз тілінде немесе диалектілерде сөйлеген әртүрлі түркі тайпалары бірдей қолданған біртұтас әдеби тіл болды» деп жазғаны бекер емес. Түркілік дүниетанымда ежелден қасиетті, киелі саналатын Жер, Су, Отан, Ел ұғымдары бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жоймады, тіпті қазіргі экологиялық сана деп жүргеніміз де табиғатпен үйлесімде өмір сүрген ата-бабаларымыздың бір ұстанымы болатын. Олардың ұлттық бірегейлігі де ортақ еді.

Әліпби жазуы – үлкен мәдени жетістік екенін еске алсақ, өкінішке қарай, кеңес заманында алдымен араб, одан кейін латын алфавитінен күштеп айыру салдарынан түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысына қатты нұқсан келді. Сол кезде «қазақта бұрын жазу-сызу болмаған, өркениеттен тыс қалған» деген жалған түсініктер қалыптасты, оған сенетіндер әлі де бар. Сондықтан да ортақ мұраны  біріге отырып зерттеу, дамыту және рухани қажетке жарату күн тәртібіне қайтадан шығып отыр. Мәселен, жуырда Түркия мемлекеті Орталық Азия атауын ресми түрде «Түркістан» деп атайтындарын мәлімдеді. Енді бұл атау саясатта да, білім мен ғылым саласында да қолданылатын болды. 

Лингвист-түркологтар бастаған түркі тектес туыс халықтарға  ортақ біртұтас әдеби тіл мен әліпби қалыптастыру идеясын саяси қайраткерлер қолдап, үлкен мінберлерден айтылуда. Бұл мәселе де жуырда шешімін табары анық. Белгілі лингвист ғалым Сейдін Бизақов «Бүгінгі күні көкейкесті мәнге ие болып отырған ортақ әдеби тіл жасауды біртұтас әліпбиден бастау қажет. Бәріне ортақ жазба тілді құру халықтарды біріктіруге, жақындастыруға мүмкіндік береді, түркі халықтары мәдениетінің гүлденуіне ықпал жасайды» деген еді. Халықаралық маңызы жағынан латын алфавитінің мүмкіндігі мол екенін академик Ә.Қайдаров секілді әйгілі ғалымдарымыз айтып кетті. Тілде дүние туралы адам білімдері сақталатынын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін, қайта жасалатынын ескерсек, бұл тұрғыдағы іс-шаралар түркі халықтарының әрқайсысының мүддесіне сай келетіні күмән туғызбайды.

Түркі әлемі бүгінгі таңда  «Түркі бірлігі» идеясын ұстана отырып, түркі тектес халықтардың тарихын, мәдениетін, өзара туыстығын кеңінен дәріптеуге кірісті. Соның ішінде ортақ әліпбимен қатар, әдеби шығармаларды өзара төте аудару ісі де бар. Енді бұл іс-шаралар дәйекті, үздіксіз және кәсіби жоғары  деңгейде болуы тиіс екендігі анық.

Қазір ақпараттық технологиялар шарықтап дамыған уақыт. Мұндай заманда ұлттық бірегейлікке жаһандық қауіп төнетінін бүкіл елдің ғалымдары айтып, протекционистік көзқарас танытып отыр. Түркі халықтарының ақпараттық қорларын біріктіретін портал ашу, тарихи, әдеби, мәдени мұра жинақталған электронды қор құру өте қажет. Бұл ресурстар түркі халықтары мен этникалық топтарының мәдениеті, тілі, жаңа үрдістері мен жетістіктері, өзара қарым-қатынасы мен көкейтесті мәселелерін жеткізетін алаң болары сөзсіз. 

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді қазақ мақалы. Түрлі себептермен кейінгі ғасырларда бір-бірінен алыстап, байланысы үзіле бастаған түркі тектес халықтардың тарихи туыстығын жаңғырту, тілдік бірлігін дәріптеу түркі әлемінің саяси-экономикалық жағынан ғана емес, тіл мен мәдениет жағынан да біртұтас болып, қайта жақындасуының бір шарты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Мың жүйрік» байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін, 19:24

«Мың жүйрік» байқауының жеңімпаздары анықталды

Республикалық байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылды
Полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр
Үстел теннисі орталығы жеке кәсіпкердің қаражатына салынған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →