Полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр
6 желтоқсан күні Алматыда бір топ адам жолдың адамдар жүретін бөлігінде намаз оқып, көлік қозғалысын тоқтатып тастаған еді. Осыған қатысты Қазақстан діни мұсылмандар басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде Алматы Орталық мешітінің жауабын таратты.
Құрметті жұма намазына келуші жамағат! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тиым салуының басты себебі: жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады. Жұма намазын оқу кезінде жолды жауып, басқа адамдарға зиян тигізуге болмайды. Сол себепті, баршаңызды намазға ертерек келіп, тиісті көрсетілген орындарға жайғасуды, жолдарды жаппауды, көліктерді де дұрыс орынға қоюды, талап пен тәртіпті қатаң сақтауларыңызды сұраймыз, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Алматыда бір топ ер адам намаз оқу үшін жолды жапқаны туралы 6 желтоқсанда ақпарат тараған еді. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай Медеу ауданында болған.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, азаматтарға құқық бұзушылықтың жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Алматы қалалық полиция департаменті жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Тиісті шаралар қабылданады. Сонымен бірге, Алматы қалалық полиция департаменті «Заң және тәртіп” принципін еске салып, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Кез келген себеппен жолды жабу – жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады және ӘҚБтК-нің 614-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады, — делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматыда профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстары күшейтілді.