Республикалық байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылды
Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» этнос балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге арналған «Мың жүйрік» байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған республикалық байқауда 600-ден астам үміткер бақ сынап, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін жұртшылыққа паш етті.
Марапаттау рәсімінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов мемлекеттік тілді дәріптеуді көздеген байқаудың мақсат-міндетіне айрықша тоқталды.
«Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақ бойына дарыту бізге жүктелген парыз. Биыл «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы төртінші рет өткізіліп отыр. Жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауда жүзге жуық жасөспірім бақ сынаса, биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендер саны 600-ден асып отыр. Бұл – осынша баланың қазақ ертегілерін тыңдап, мақал-мәтелін, өлеңін оқуға деген ықылас-ынтасы жоғары екенін білдіреді», – деді Нұркен Құрманұлы.
12 қараша мен 4 желтоқсан аралығында байқауға онлайн форматта келіп түскен жұмыстарды сараптаған қазылар алқасы кіл мықтыларды іздеп, жүзден жүйрік шыққандарды анықтады. Қазылар алқасының шешімімен:
Айта кетейік, «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы мемлекеттік тілді этнос балалары арасында дәріптеу мақсатында Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен соңғы төрт жылда тұрақты түрде өткізіліп келеді.