×

2024 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар

Олардың арасында елі сүйген жазушы да, әнші де, саясаткер де бар

2024 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар
коллаж Qaz365.kz

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы. Өлмейтұғын артына із қалдырған». Өтіп бара жатқан жылы қазақ елі бірқатар алыптар мен тарланбоздардан көз жазды. Олардың арасында елі сүйген жазушы да, әнші де, саясаткер де бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы жарық дүниемен қоштасты

Биыл 12 наурызда белгілі жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті. Ол 75-ке қараған шағында дүниеден озды. Артында мол мұра қалдырды. «Таң нұры» ұжымдық жинағына «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. «Жала мен нала» (1987 ж), «Жыр-жолбарыс» (1996 ж), «Біздің заманның Аяз биі» (1997 ж), «Жаңғырық» романы (2004 ж), таңдамалы 2 томдық жинағы (2010 ж) және «Аяз би» романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып шыққан (2013 ж). «Заман-Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде және «Қазақ радиосында» бас редактор болды.

Саясаттағы алыптар кетті

Биыл саясат сахнасында есімдері танылған аға буын өкілдерінен Өмірбек Байгелді мен Ғани Қалиев және оппозиционер Айдос Садық өмірден өтті.

Өмірбек Байгелді 3 сәуірде 85 жасында жарық дүниемен қош айтысты. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы төрағасы болды (1996-1999 ж.ж.). Жалпы, Сенатқа 16 жыл депутат ретінде сайланған. 1990 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін де атқарған.

Ал Қазақстан ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ғани Қалиев 86 жасында қайтыс болды. Ғани Қалиев еліміздің саяси өміріне де белсенді араласқан. ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Парламент Мәжілісінің депутаты және «Ауыл» партиясының экс-төрағасы.

Қазақстандық оппозиционер, «Бәсе» арнасының негізін салушы Айдос Садықты 18 маусымда Киевте көлігінде отырған кезде белгісіз біреу атып кетті. Содан кейін ауруханада жатқанымен, өмірін аман алып қалу мүмкін болмады. Киев уақыты бойынша 2 шілдеде сағат 3-те жан тапсырды.

Шарманов мәңгілік мекеніне аттанды

Қазақстандағы тағамтану академиясының президенті, белгілі нутрициолог Төрегелді Шарманов 95 жасында дүниеден өтті. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму механизімін ашты. Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидатттық диссертациялар қорғалды. «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.

Қазақ халқы Әуезовтей ұлы жазушының баласынан да айырылып қалды

Ұлу жылында қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұхтарұлы Әуезов те өмірден өтті. Мұрат Әуезов қазақ халқы үшін жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы ғана емес, көрнекті жазушы, мәдениеттанушы, дипломат, қоғам қайраткері ретінде де тарихта қалды. Анасы Фатима Ғабитова — алаш жұртына есімі Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүргіров пен Мұхтар Әуезовтің өмір жолында өшпес із қалдырған ерекше тағдырлы жан. Мұрат Әуезов әкесінің тірі кезінде 1963 жылы Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаевтармен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, еркіндік, әділдік жолындағы күрес жолына араласқан. 1989 жылы Семей полигонын жабу миссиясы үлкен ауқыммен бастау алғанда бұл істің де басы-қасында Мұрат Әуезов жүрді. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде оңтүстіктегі ең алып көрші Қытай Халық Республикасына Елші болып тағайындалып, жаңа тарихтағы қазақ-қытай қарым-қатынасының іргесін қалады (1992-1996 ж.ж). Мұрат Әуезов оқырман есінде 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектің, «Уақытты байланыстырушы жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару» (1997) және «Қайту үшін кету» (2002) сияқты монографиялардың авторы ретінде қалды.

Өмірден өткен театр тарландары

Биыл қазақ халқы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Торғын Тасыбекова, танымал актер Үсіпхан Сейтімбет, ел арасында «буынсыз адам» атанған цирк әртісі Айдос Тоқтарбайдан айырылып қалды.

Торғын Тасыбекова 18  маусым күні 85 жасында дүниеден өтті. Ол 1961 жылдан бастап консерваторияны бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында актриса болып жұмыс істеді. Ол көптеген басты рөлдерді сомдады, шетел, орыс, қазақ классикасы мен қазіргі авторлардың пьесаларында лирикалықтан драмалық және комедиялық жанрдағы кейіпкерлердің тамаша образдарын жасады.

Ал Үсіпхан Сейтімбет 10 қыркүйекте 63 жасына бір ай қалғанда қайтыс болды. Шығармашылық жылдарында театрда 50-ден астам рөлдерді сомдап, «Сүйінші», «Күйеу бала», «Айман-Шолпан», «Алдар көсе» сынды фильмдерге түсті.1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сол үшін 2 жылға сотталған.

Ел арасында «буынсыз адам» атанған цирк әртісі Айдос Тоқтарбай небәрі 42 жасында мәңгілік мекеніне аттанды. Цирк әлемінде қайталанбас трюктер жасаған әртіс «Жұлдызды сәт»,  «Азия таланттары» сынды байқаулар арқылы танылған еді. Соңғы рет Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы Қарабұлақ ауылына кетіп, өнерден қол үзіп, мал бағуды қолға алған.

Қазақ ғылымында орындары ойсырап қалды

Биыл сонымен қатар тұңғыш қазақ физигі, Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ Темірғали Көкетаев, Қаражанбас кен орнының ашылуына себепкер болған Әділ Нұрманов, ғалым, алаштанушы, публицист Ғарифолла Әнес, белгілі түрколог және ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өмірден өтті.

Қаржаубай Сартқожаұлы – түркология саласындағы көрнекті ғалым, көне түркі жазба ескерткіштерінің зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол түркі халықтарының тарихи мұраларын, көне жазбаларын зерттеу арқылы олардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын танытуға зор үлес қосқан.

Ғарифолла Әнес  Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін қосты. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов және Х. Досмұхамбетов еңбектерін құрастырып, алғысөз-соңғысөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды. «Алаш. Алашорда» энциклопедиясын құрастырды (2009), 7 том «Қазақ» газеті (1913 – 1918) мен 7 том «Айқап» журналдарының (1911–1915) толық корпусын жасап, «Сарыарқа» (1917–1919) газетін тауып, жинастырып, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген журналдарды араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, ондаған том басылымдар дайындады. Заңғар жазушы Ә. Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Алпысыншыжылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды.

Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысы, Таушық ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтаған алғашқы түлектердің бірі. Оқуын тәмамдаған соң жолдамамен туған жеріне оралып, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылғанда, өңірдегі барлау жұмыстарына қатысып, кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік етті. Осы арқылы өлкедегі бірқатар кен орындарының ашылуына себепкер болды.

Темірғали Көкетаев – тұңғыш қазақ физигі, Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ. Ол Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен (Ұлыбритания, Кембридж) дүниежүзік физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған. Бұл атақты қазақ ғалымы жапондардың ұсынысымен 1999 жылы алған. Физика заңы бойынша, 180 градусқа дейін қыздырылған қандай да болсын қатты дене сыртқа жарық шығармай қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді. 

Өнер әлемінде жүрген жұлдыздардан айырылдық

Ибрагим Дәрібаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Ғафиз Есімов, Құрманай Бақтиярқызының дәм-тұзы 2024 жылы таусылды.

Дәрібаевтар ансамблінің негізін қалаған Ибрагим Дәрібаев қазан айында қайтыс болды. Ол қазақ эстрадасында «Жас жұбайлар», «Аман бол», «Оқ сияқты», «Нұрлы арман», «Айтшы жаным», «Сендей болмайды», «Сүйгеніме» сияқты танымал әндерді алғаш кассетамен таратқан.

Қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырған Гүлнәр Сиқымбаева да ұлу жылында мәңгілік мекеніне аттанды.Эстрада әншісі «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп, өнерсүйер қауымға «Мен саған өкпелемеймін», «Мерекем – сен», «Аяулым» әндерімен кеңінен танылды. 2000-шы жылдардың басында «Хабар» телеарнасы түсірген «Ұят болмасын» бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде де көрермен қауымға жақсы танымал. Алайда соңғы жылдары әнші сахна төрінен көрінбей кетті. Гүлнар Ермекқызы өмірінің соңғы жылдарында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сабақ беріп, студенттерге дәріс оқумен айналысты.

Отандық опера саласының көрнекті қайраткері Ғафиз Есімов 12 қараша күні 78 жасында о дүниелік болды. Есімов қонцерттіқ-шығармашылық қызметімен де қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін және қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға үлес қосты. Гастрольдік сапармен МХР-да (1978), Германияда (1986, 1987), Румынияда (1984), Филиппинде (1983), Шри-Ланкада (1986) т. б. елдерде болды.

Ақын Құрманай Бақтиярқызы көбіне әншілерге жақын болды. Ол еліміздегі эстрада жұлдыздарының танылуына өз үлесін қосты. Бірнеше хит-әндердің авторы. Құрманай Бақтиярқызы – қазақтың өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан белгілі әнші, ақын, халық өнерінің шебері. Оның өмірі, шығармашылығы, әрі өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы қазақ өнерінде ерекше орын алады. Марқұм көпшіліктің ықыласына бөленген бірқатар әннің авторы. Атап айтсақ, Асқар Жүнісбековтің орындауындағы «Толғанай», Серік Ибрагимовтың «Вокзалда қауышқан қыз», «Жаяу», «Алау» тобының орындауындағы «Гүл әпше», Кәмшат Жолдыбаеваның «Сүйіктім», Алтынай Жорабаеваның  орындауындағы бірнеше әннің сөзін жазған.

Спорттағы саңлақтар қапияда көз жұмды

17 жасында муай-тайдан әлем чемпионы атанған Әли Серікті досы пышақтап кетті. Бар-жоғы 20 жасында қазақтың талантты бір спортшысы өмірден өтті.

Жол апатынан 31 жастағы паратаеквондодан ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нышан Өмірәлі де осы жылы қаза тапты. Нышан Өмірәлі Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. Ол 17 жасынан спортпен айналысып, бүгінгі күнге дейін екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия ойындарының және көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері. Токио-2020 және Париж 2024 Паралимпиада ойындарының қатысушысы. 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 млрд теңге сомаға тендерлер артық бағаланып, оларға тосқауыл қойылған
Бұның салдарынан жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →