Қандастарға квотаны 8 өңірге беру қарастырылған
2025 жылы қанша қандасқа квота берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
“ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық. Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру”, – делінген министрліктің хабарламасында.
2025 жылы қандастар үшін өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:
- Павлодар облысы – 1 056 адам,
- Ақмола облысы – 285 адам,
- Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам,
- Абай облысы – 244 адам,
- Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адам,
- Қостанай облысы – 150 адам,
- Атырау облысы – 100 адам,
- Батыс Қазақстан облысы – 30 адам.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға келесідей мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады:
- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.