×

Скринингтен кім және қалай өту керек екенін алматылық дәрігер түсіндіреді

Скрининг бірнеше кезеңнен тұрады

Скринингтен кім және қалай өту керек екенін алматылық дәрігер түсіндіреді
Фото: ашық дереккөзден

Скринингтік зерттеулер белгілі бір жас тобына кіретін, бірақ динамикалық бақылауда тұрмайтын халық арасынан созылмалы ауруды және қауіп факторын ерте анықтауға бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Скринингтен кім өту керек және ол қалай өтеді деген сұрақтарға Алматы №36 қалалық емхананың дәрігері Қарлығаш Қалиева жауап береді.

30-70 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер жас ерекшелігіне (жұп жастағы) сәйкес екі жылда бір рет артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және мінез-құлықтық қауіп факторын анықтау үшін тексеруден өтеді.

Сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында 40-70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тексеріледі, ал жатыр мойны обырын диагностикалау үшін 30-70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын скринингтен өтеді. Колоректалды обырға тексеру 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді қамтып, екі жылда бір рет жүргізіледі.

Ерекше қауіп тобына отаға жатқызылған науқастар, сондай-ақ гемодиализ, онкология, гематология және трансплантология орталықтарында ем қабылдап жүрген пациенттер жатады. Сонымен қатар жүкті әйелдер мен В және С вирустық гепатиттерін жұқтыру қаупі жоғары негізгі халық тобы ерекше бақылауда болады.

Скрининг бірнеше кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңінде медицина қызметкері сауалнама жүргізіп, бойды, салмақты, артериялық қысымды өлшейді, сондай-ақ капиллярлық қандағы қант пен холестерин деңгейін экспресс-диагностикадан өткізеді. Бірінші кезеңде алынған дерек талданып, ауытқу анықталған жағдайда пациент екінші кезеңге - қосымша тексеруге және нақты диагноз қоюға жіберіледі.

Қорытынды кезеңде зерттеу нәтижелері талданып, анықталған ауруы болған пациенттер диспансерлік есепке қойылады, олар тиісті денсаулық мектебіне жіберіледі және скрининг нәтижелері туралы хабарланады.

Егер скринингтік тексеруден жүкті болу, ауыру немесе басқа да дәлелді себептерге байланысты өте алмасаңыз, белгіленген кезеңділікті сақтай отырып, оны келесі күнтізбелік жылы өтуге мүмкіндік беріледі.

Скринингтен тұрақты өтіп тұру қауіпті ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді, бұл кезде емдеу ең тиімді болып, асқыну қаупі барынша азаяды. Денсаулыққа қамқорлық - профилактикадан басталады!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →