Мәжіліс депутатына аудандық ауруханада «физраствор» таба алмаса, халықтың жағдайы не болып жатқанын түсіне беріңіз
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов тағы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
МӘМС бойынша өңірлерді аралауды Мәжіліске келген жылы бастадық. Сол кезде «осыны тоқтата тұрыңдаршы» деп жалынғанбыз. Бірақ ешкім тоқтатпады. Жетілдіретін жері өте көп. Бір мысал айтып берейін. Мен 26 қазан күні Абай облысы Аягөз ауданында болдым. Денсаулығым сыр беріп, аудандық ауруханаға бардық. Қызығы, ол жерде «физраствор» жоқ. МӘМС қайда? Мәжіліс депутатына аудандық ауруханада «физраствор» таба алмаса, халықтың жағдайы не болып жатқанын түсіне беріңіз. Әу баста президент айтқан кезде міндетті деген сөз болған жоқ. Ерікті медициналық сақтандыру болатын. Қазір біздікілер мұны міндетті қылып алды. Оның сыртында 3 миллион адам тыс қалып қойды, - дейді Ринат Зайытов.
Оның айтуынша, барған адам емделе алмайтын болса, оның не керегі бар деп отыр.
Егер біздің жедел-жәрдем жүйеміз жетілдіріліп, еркін адамдарды емдей алатын керемет жетістікке жетіп жатсақ, онда міндетті қылуға болады, - дейді депутат.
Айта кетейік, Ринат Зайытов 2023 жылы МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды сұраған болатын.