Депутат ұсынысы
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елдегі ажырасу деңгейінің алаңдатарлық көрсеткішке жеткенін айтып, бұл мәселеге жүйелі түрде назар аударуға шақырды. Ол үкіметке ажырасудың алдын алуға қатысты ұсыныстарын жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 120,8 мың неке тіркеліп, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Бұл – ресми дерек қана. Бейресми түрде ойрандалған отбасылар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Бүгінде елде 400 мың әйел мен 60 мың ер адам – жалғызбасты ата-ана ретінде өмір сүріп жатыр.
Назаров отбасының әлсіреуін ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің тұрақтылығына тікелей қауіп деп бағалайды. Оның айтуынша, бұл жағдайдың алдын алу үшін түбегейлі өзгеріс қажет.
“Шаңырағының отын-суын тасып жүрген ерлеріміз қайда? Отбасының ұйытқысы бола білген текті қыздарымыз қайда?”, – деп депутат қоғамға ашық сұрақ тастайды.
ҰСЫНЫСТАР
1. Ажырасуға мемлекеттік бажды арттыру және жарна енгізу
Депутат ажырасуға өтініш берер кезде біржақты арызды қабылдамас бұрын міндетті түрде жоғары көлемдегі мемлекеттік баж енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, ажырасқандарға қатысты табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
2. Ақсақалдар институтын қайта жандандыру
Депутат бұрынғы дәстүрге сүйене отырып, жергілікті кеңестер, ардагерлер алқасы, имамдар мен әйелдер кеңестері сияқты консультативтік құрылымдарды ажырасу алдындағы ерлі-зайыптылармен татуластыру жұмысына тартуды ұсынады.
3. «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу
Назаров жас отбасыларға арналған кешенді қолдау тетіктерін қамтитын ұлттық бағдарлама жасауды ұсынды. Ол мынадай бағыттарды қамтуы тиіс:
4. Той үшін несиеге жол бермеу
Депутат үйлену тойларына несие алу тәжірибесін тоқтату мақсатында кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізуді ұсынды. Ол «Қарапайым той – берекелі отбасы» деген ұранмен ұлттық деңгейдегі үндеу жариялап, оған қоғам қайраткерлерін, дін өкілдерін, блогерлер мен БАҚ-ты тартуды жөн көреді.
Ардақ Назаровтың пікірінше, ажырасуды тек екі адамның жеке мәселесі ретінде қарауға болмайды. Бұл – ұлт болашағына төнген қауіп. Ол үкімет пен парламентті бұл проблеманы стратегиялық деңгейде қарап, нақты әрі нәтижелі әрекетке көшуге шақырды.
- Бүгін отбасыларымыз шайқалып тұрса, ертең елдің іргесі сөгіледі. Ұлттық идеология, тәрбие мен әлеуметтік қолдау – ұлтты сақтап қалатын басты тетік, – дейді депутат.