×

«Кітап сөремдегі бос орын»: қазақ тілінде үнсіз жылаған ерекше бала

Баспаның  екі қабаттық қоймасында лық толы сатылымы жоқ кітаптар

«Кітап сөремдегі бос орын»: қазақ тілінде үнсіз жылаған ерекше бала

Қазақтілді инклюзияға жаңа жоба келді

Үш бірдей ерекше баланы тәрбиелеп отырған 59 жастағы Сәуле Байтлееваның немерелері арнайы мектепте қазақ тілінде білім алса да, тілі орысша шыққанына қынжылады. Әсіресе, 17 жасар эпилепсия диагнозы бар немересінің сөзі жүрегін ауыртқанын айтады:

Қазақша кітап пен ерекше бала – бір-бірін күткен екі жолаушы

«Бөлмесінде тұлғалық дамуға қатысты бірнеше кітаптары тізіліп тұр. Бір күні «неге қазақша кітап оқымайсың?» деп сұрасам:

«Сөренің шетінде бос орын тұр. Ерекше жандарға арналған қазақша мотивациялық, салалық даму кітаптарына орын қалдырғам. Мен өз тілімде оқығым келеді, бірақ ондай кітап әлі жоқ», – деді. Сол кезде мен оның үнсіз жылағанын көрдім...»

Сәуле апай қазір Ақтөбе қаласындағы «Толқын Мед Оңалту және дамыту» орталығында жұмыс істейді. Ондағы 420 ерекше балаға күнделікті қызмет көрсетіп, жан бағып жүр.

«Бұл тек менің немерелерімнің ғана емес, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі», – дейді ол.

15 жылдан астам уақыт бойы ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп жүрген логопед қазақ тіліндегі салалық кітап былай тұрсын, артикуляцияның сапалы әдістемесі жоқтың қасы дейді.

«Ерекше балаларға том-том кітаптың керегі жоқ!»

Жандос Сайлаубай, логопед-дефектолог:

«Ерекше балалар да мектеп бағдарламасындағы кітаптармен көппен бірдей білім алады. Бірақ бейімдеу мақсатында бағдарлама жеңілдетілген. Бұл балалар үшін жазылатын қандай да бір қазақша кітаптар олардың танымына сай болуға тиіс. Бізге 5-6 не 10 том кітаптың керегі де жоқ. Соңғы екі жылдықта қазақ логопедтері интеллектуалдық және сөйлеу қабілетін дамытуға байланысты мультфильмдерді өздері шығаруда. Бірақ бір өкініштісі, оны коммерцияға айналдырып жіберген. Қазір бұл мамандық бизнестің көзі болды. Ата-ананың үміті мен баланың уақыты кетіп жатыр дегенге бас қатырмайды. Мен үшін мұндай педагогтер «ерекше бала білім алуға келді деп емес, ақша келді деп қарайтындай көрінеді».

 

Дыбысы дұрыс шықпаған баланың еркін сөйлеп, ойын жеткізе алмайтыны анық. Өз үйін мектепке айналдырып, ерекше балаларды тегін оқытып жүрген Педагог академиясы мен Балалар инклюзивті академиялық бірлестігінің төрағасы, педагог, ерекше баланың әкесі Нұрым Нұрғалиевтен «мектебіңізде қазақ тіліндегі кітап тапшылығы бар ма?» деп сұрадық.

«Мемлекеттік стандартқа сәйкес ерекше балаларға арналған кітап шығаратын жалғыз мекеме – ӘБЕО орталығы. Қазақстан бойынша мемлекеттік мектептердің бәрін кітаппен қамтамасыз етуге күші жетпейді. Себебі баспаларда конкуренция жоқ. Біздің мектепте 80 пайыз бала қазақ тілінде білім алады. Дидактикалық материалдарды мұғалімдеріміз өздері жасайды. Инклюзивті білім беру соңғы онжылдықта ғана дамып келеді, ал қазақ тіліндегі оқулық, контенттер жағы бесжылдықта қарқын алуда», – дейді ол.

Ерекше бала үшін бір кітап – ұлт үшін мың мүмкіндік

«Қазақ тілі мен ерекше баланың жолы – түйісетін емес, бірге жүретін жол болуы керек. Ол үшін мемлекеттік тілде жазылған инклюзия бағытындағы балалар мен ата-аналарға арналған кітаптар көбеюге тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін бейімдеуге негізделген танымдық кітаптарды сөреге қоя алсақ:

  • бір бала сөйлеуді үйренеді;
  • бір ата-ана үміт етеді;
  • бір мұғалімнің жұмысы жеңілдейді;
  • бір ұлт тілінің өмір сүру аумағы кеңейеді», – дейді арнайы мектеп директоры.

Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, республика бойынша арнайы білім беретін 504 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы балабақшалар саны – 45, арнайы мектептер – 99, 13 оңалту және 10 аутизм орталықтары бар. Мекемеге арнайы барып, зерде бұзылысы, тірек-қимыл жүйесі бар балаларға арналған орта деңгейдегі ақыл-ой тежелуі бар балалардың кітаптарын көрдік. Сөйлеу дамуындағы кемшілікті түзету, сенсорлық даму, заттық-тәжірибелік әрекет, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сынды тағы көптеген оқу пәнінің қазақ тіліндегі оқулықтары special-edu.kz электрондық кітапханасында қолжетімді.

Сөреге емес, шетке кеткен кітаптар

Дәл осы мекеменің жанындағы ғимаратта Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы ЖШС (ӘБЕО орталығы) орналасқан. Бас директоры Сүлейменова Роза Айтжанқызының рұқсатымен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп бағдарламасындағы, сондай-ақ Брайль қарпімен басылған кітаптармен таныстық.

Аталмыш мекеменің баспа бөлімі мемлекеттік білім беру стандартының талаптарына сай арнайы оқу, оқу-әдістемелік және бейімдеу кітаптарын екі тілде шығарады. Бұл еліміздегі басқа баспаларға мүлде ұқсамайды. Басты ерекшелігі сол, мұнда ерекше жандардың өзі қызмет етеді. Диагностикалау және түзету бөлімі, сурдологиялық, электроэнцефлограмма кабинеттері бар. Баспаның  екі қабаттық қоймасындағы лық толы сатылымы жоқ кітаптарды көргенде мұңайып қалдық. Әрине, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар жетерлік. Оқулық мәселесіне қатысты ауқымды әрі күрделі мәселелерді алда бас директормен жеке, көлемді сұхбат жазатын боп келістік.

Инклюзия бағытындағы кітаптардың бағасы нарықтағыдан әлдеқайда қымбат екенін және әлеуметтік осал топтағылар үшін қолжетімді емесін тілге тиек еттік. Мәселен, Айналадағы әлем оқулығының бағасы – 5500 теңге, ал оған жұмыс дәптері мен әдістемелік құралды қосып алса, 4-сыныпқа арналған жинақ – 9300  теңге тұрады.  Бас директор есту, көру және зерде бұзылысы бар балалар үшін шығатын кітаптың сапасы мен қиындығы біз қолданатын жәй кітаптарға ұқсамайтынын әрі санаулы тиражбен шығатын дәл мұндай кітаптар баспа редакциясының шығынын ақтамайтынын айтады.

Орталық басшысынан қазақ тіліндегі кітап тапшылығы жайлы сұрағанымызда, қос тілде оқулықтардың теңдей шығатынын алға тартты. Алайда оқулықты сатып алатын арнайы мектептердің саны аз. Тіпті алған күннің өзінде бір мектептің сатып алатын кітап саны саусақпен санарлық.

Тиражбен туған, тағдырсыз қалған...

 «Тираж аз, сатылым жоқ. Себебі сұранысқа ие емес. Тираж санына қарай кітап бағасы бекітіледі. Инклюзивті бағытта кітап шығаруда пайда болса, жеке баспалар әлдеқашан бұл іспен айналысар еді. Алайда бұл табыс емес, шығын әкелетін жұмыс. Айталық, Брайль қарпіндегі әліпби кітабының өзі 12 оқулықтан тұрады. Себебі оқулық бір беттік жолмен басылады. Ерекше балалар әліппені 5-сыныпқа дейін оқып меңгерулері керек. Ал 6-сыныптан бастап, қаріптер кітаптың алды-артымен қоса, қатар басылады. Бұл бетті ғана емес, баспахана шығынын үнемдейді. Мұндай кітаптардың 1 және 2-ші бөлімдері бар. Оның бір ғана бөлімінің өзі 6 кітаптан тұратынын ешкім біле бермейді. Және бұл кітаптарды арнайы мектептер жеке-жеке 2-3 данадан ғана сатып алады. Кітаптың беті офсеттік қағаздардай емес. Егер қате кетсе, басқасын алмастыруға тура келеді», – дейді  ӘБЕО орталығы ЖШС-нің Бас директоры.

Оның  айтуынша, 2002 жылдан бастап, ерекше жандар үшін кітап шығару ісі қолға алынған.

«ДЦП, даун, аутизм спектрі бар, ЗРР, ЗПР, есту және көру қабілеті нашар, зерде бұзылысы бар ерекше балалардың деңгейлеріне сай оқулық шығару – оңай жұмыс емес. Себебі бұл саладағы құқықтық және әлеуметтік педагогика бойынша қызмет ететін мамандардың білімі төмен. Жасыратыны жоқ, оқулық шығарған алғашқы жылдары сапалы кітап шығару үшін арнайы мамандарды іздеп, уақыт жоғалттық. Сөйлеу тілі, көру, тірек-зерде бұзылыстары бар жандарға арналған аппараттарды, сенсорлық жабдықтарды, механотерапиялық жаттығу құралдары былай тұрсын, диагностиканы дұрыс анықтай алмайтын мамандар бар. 2016 жылдан бастап, баспамызға республикамыздағы «ең мықты» деген өз ісінің тәжірибелі де білікті мамандарынан команда құрып, оқулықтарымыздың сапасын жыл сайын жақсартудамыз», – дейді ол.

Аударма арқылы ашылған әлем

Соңғы 2 жылда 2 бірдей аутизм спектрі бар балалар үшін шетелдік әдебиеттерді қазақ тіліне аударып, нарыққа шығарған  «Bolashak Charity» Қоғамдық қорының үйлестірушісі Самал Төлегенқызы ерекше балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптарға енді ғана назар аударылып жатқанын айтады:

«Біріншіден, бұл саладағы мамандар көбінесе қолданыста бар шетелдік (орыс тіліндегі) әдебиетті қолданады. Екіншіден, қазақ тіліндегі терминологияның қиындығымен не мүлдем аударылмауынан мәселе туындайды. Ерекше балалармен жұмыс істейтін көптеген жеке орталықтар жұмысын орыс тілінде жүргізеді. Қазақтілді отбасылар балаларын орысша оқытуға мәжбүр (ақылы коррекциялық орталықтарда). Бірақ алдағы уақытта қазақ тіліндегі оқулықтардың саны көбейсе, бұл мәселе бір жолға қойылады деп ойлаймын», – дейді ол.

Еске сала кетсек, ерекше балалардың әлеуметтенуі үшін «Bolashak Charity» Қоғамдық қоры 2022-2023 жылдары «Шеврон» компаниясының демеушілігімен Ю.Эрц пен О.Мелешкевичтің «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауының кіріспесі» және американдық мінез-құлық талдаушысы Джеймс Партингтонның «ABLLS-R. Сөйлеу және үйренудің негізгі дағдыларын бағалау құралы» атты кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аударған болатын.

Самал Төлегенқызының айтуынша, бұл кітаптарда қолданбалы мінез-құлық талдауының (ABA) негізгі қағидаттары егжей-тегжейлі баяндалып, проблемалық мінез-құлықты түзету әдістері мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың дағдыларын қалыптастыру стратегиялары сипатталған. Аталмыш кітап ерекше балаларды тәрбиелеп, оқытып жүрген педагогтерге, дефектологтерге, логопедтерге және ата-аналарға тегін таратылды.

«Біз аударған кітап авторлары қолданбалы мінез-құлық талдау әдістері мен стратегияларын оқыту саласының сертификатталған мінез-құлық талдаушылары (BCBA), АВА-консультанттары. АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және басқа да елдердегі мінез-құлық мамандарының практикасына жетекшілік ететін өз ісінің шеберлерінің алда талай еңбектерін қазақ тіліне аударғымыз келеді», – дейді жоба үйлестірушісі.

Ерекше балаларға арналған Ресейдің бірнеше арнайы мектептерінен тәжірибе жинаған логопед-дефектолог Жандос Сайлаубай орыс тіліндегі тікелей калька аудармамен тәржімаланған қазақ тіліндегі кітаптарды тек мамандар ғана түсінеді. Біз ерекше бала мен оның ата-анасы ғана оқитын емес, жалпы қоғамға ортақ ерекше жандардың психологиясы мен құндылықтарын, қалауларын баяндайтын бейімдеу кітаптарын шығаруымыз керек дегенді айтады.

Тілді сүйсең, контент жаса!

 «Инклюзия бойынша кітап шығару жағынан Ресейдің баспаларын мойындаймыз.  Бұл саланы – «нәзік тақырып» деп қарайды. Біздегі олқылықтарды тек мемлекеттің ғана жұмысы дей алмаймыз. Себебі әлеуметтену ісіне ортақ мүдде, бір мақсатпен ғана нәтижеге жетеміз. Бұл саладағы педагогтер мен белсенділер, ата-аналардың баламен жұмыс істеуі де, келуі де міндет болмауға тиіс. Проблемасымен бірге қабылдауға дайын емес, не жүрек қалауынсыз өзін сүйреп келіп жүргендердің орнын босату керек. Инклюзиядағы өткен 15 жылды «тас дәуірі» деуге болады. Бірақ қазір соңғы 5 жылдықта дамып жатқаны қуантады. Осы бағытта Ресейге жете алмасақ та, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің алды боп тұрмыз. Инклюзия бойынша ғылыми жұмыстардың барлығын АҚШ пен Израильден алынатыны ешкімге жасырын емес. Барлық мемлекеттер сол елдің логопед-дефектолог, АФК мамандарының методикасын алып қолданады. Олар арнайы том-том кітап жазып, жүйелеген. Біз қазақша  кітап былай тұрсын, басқа сала мамандарының логопедияны аз уақытта игеріп алатын қосымша табыс көзі етіп алғандарына күйінеміз. Сол себепті де мамандарға сенім аз, сол үшін де бұл сала кенже қалып отыр. Мысалы, «красавица» деген сөзді аударайық. Оны «сұлу», «көркем», «ажарлы», «келбетті» деген сынды бірнеше мағынаны қамтып, тәржімалауға болады. Бірақ біз балалардың ерекшелігін ескеріп, қиындатпай, бейімдеуді басты назарға ұстаймыз. Ол үшін маңыздысы – шешен сөйлеу емес, ойын түсінікті жеткізу үшін ең жиі қолданатын базалық сөзді алып, түсіндіреміз. Қазақ тілінде түрлі танымдық кітаптар, визуалды контент көбеймейінше, мәселе шешілмейді. Біз осы мақсатта жұмыс істеудеміз», –  Жандос Сайлаубай. 

Машиналық оқыту – мейірім тілімен

Инклюзия бағытындағы қазақтілді кітаптың жыры бөлек әңгіме. Алайда қазақ тіліндегі контентті жасанды интеллект технологиясы негізінде жасап, ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты дамыту үшін тегін платформа жасаған Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, PhD Диана Рахимованың инновациялық жобасы көпке үлгі. Ғалымның айтуынша, осы жаздың соңына қарай мобильдік қосымша республика жұртшылығына қолжетімді болмақ. Басты ерекшелігі жоба екі контентке негізделіп құрылған. Бірі – балаларға арналса, екіншісі – ата-аналарға  қатысты пайдалы кеңестер мен диафрагмалық ақпараттар қамтылған.

«Баланың сенсорикасы мен моторикасын дамыту, СДВГ, ЗРР-ді реттеу бойынша жобаны жасамас бұрын логопед-дефектолог, педагогтер мен ата-аналардың пікірін ескеріп, жас классификациясы, дауыстық интерфейсті қолдау, оқу материалдарына анимация жасау сынды ең басты критерийлерге басымдық бердік», – дейді ғалым.

 

«3 жыл бойы ауқымды жобаны жасау кезінде орыс тіліндегі кітаптардың ақпараттарына, олардың көрнекілігі мен дизайнына қарап, «қазақ тілінде мұндай кітаптар неге жоқ?» деп таңғалғанымыз рас. Өкінішке қарай қазақ тілінде мұндай кітаптар мүлде жоқ. Жапонияның әдістемесі керемет, бірақ ол қазақ тіліне бейімделмеген. Логопед мамандардың қазақ тіліндегі кітаптарымен таныстым. Ол тек мамандарға ғана оқуға болмаса, көпшілікке арналмаған. Біз жобамызды жасанды интеллект арқылы машиналық оқыту әдісімен дидактикалық материалдар құрастырдық», – дейді Диана Рахимова.

Кітапқа сұраныс жоқ па?

«Қазақша кітап шықпайды, себебі сұраныс жоқ» дейді кейбірі. Инклюзивті білім беру саласының мамандары, орталық педагогтері, ерекше бала ата-анасымен, мектеп директорымен, баспа редакторымен, жоба үйлестірушісімен сөйлесіп, бір ауыздан: «сұраныс жоқ емес, мүмкіндік жоқ» екеніне көз жетті.

Үш бірдей ерекше баланы тәрбиелеп отырған Сәуле Байтлеева:

«Ақтөбедегі ым-иишара курсына отбасымызбен жазылып, немерелерімізбен «саусақ арқылы сөйлесіп» жүрміз. Осы саладағы мамандардың еңбегі зор, тегін білім беруде. Алдағы уақытта қазақтілді инклюзия мектептері мен орталықтар, қазақ тіліндегі кітаптар көбейіп, дами түсеріне сенемін» деген үмітін жеткізді.

Бір тіл, екі әлем

Бірнеше ай бұрын жұмысқа қапылып, асығыс үйден шықтым. Жол жиегінде бір ересек ер бала қолын бұлғап бірдеңе айтып тұр. Қимылы оғаш. Сөйлегенін түсінбеймін. Көзіне тура қарай алмадым. «Мас не ауытқыған біреу шығар» деп айналып өтіп кеттім.

Екі күннен соң көршім:

«Біздің ұл сөйлей алмайды, бірақ бәрін түсінеді. Ыммен жеткізеді. Біз жақында көшіп келдік. Түсінбестік боп қалмас үшін ескертіп қоюға келіп тұрмын, – деді.

Сол сәтте мен өзімді кешіре алмадым. ... ол бала менімен жәй ғана коммуникация құрғысы келген. Ал мен оны түсінбеген адам емес, түсінгісі келмеген қоғамның мүшесі болдым. Бір тілді, бір әлемді жоққа шығардым… Мәселе менде емес – тілде еді

Бір аптадан соң, қалалық ым-ишира курсына жазылып, кітаптар іздедім. Өкініштісі, бұл саладағы кітаптардың дені орыс тілінде. Халықаралық тіл саналатын бұл ерекше коммуникацияны түсіну үшін орысшадан тікелей аударма жасамасаң, стандарт боп бекітілмеген. Сөйтіп есту қабілеті нашар жандардың ғана емес, инклюзивті білім берудегі қазақ тіліндегі мектеп бағдарламасындағы оқулықтардан бөлек, танымдық кітаптар іздеп, саусақ санарлық көлеммен шектелдік. Сонда М.Н. Фрадкиннің «Говорящие руки» деп аталатын қол-қимыл тематикалық сөздігі бірінші тұрады.

Біз ұсынатын үш шешім:

Бұл бөлімде БІЗ сөзі бекер қолданылған жоқ. Инклюзия саласының мамандары мен баспалардың, ерекше балалардың ата-аналарының пікірі ескеріліп жазылды.

Бірінші шешім:

«Жалпы білім беретін мектептерде қанша ерекше бала барын инклюзия педагогтері ерте анықтап, ақыл-ой кемістігі, зерде бұзылысы, аутизм спектрі бар оқушылардың санына байланысты кітаппен толық қамтамасыз ету үшін дұрыс аналитика жасау қажет» деген баспа директорының салмақты пікірін қолдаймыз.

Екінші шешім:

инклюзия бағытындағы кітаптардың сапасы артуы үшін бекітілген жүйе керек. Ол үшін білікті мамандарды жинап, ғылыми зерттеу институтын құру қажет. Швецияның озық методикасын қолдануымыз тиіс. Бұл бағытта жұмыс істеп жүрген мамандарды қолдап, кітап шығару үшін арнайы гранттар тағайындалса құба-құп.

Үшінші шешім:

«бірінші қадам скринингтен басталмаса, ерекше балалар танымдық кітаптар былай тұрсын, мектеп бағдарламасын да игере алмайды. Неғұрлым ерте жастан баланың бұзылысы анықталса, соғұрлым бейімдеу жеңіл болады. Бұл жыл сайын ерекше балалардың күрделі бұзылыстарының көбеймеуіне көмектеседі» деген мамандардың ортақ пікірін назарға аламыз.

Қағаз бетіндегі көрінбейтін бала

PS: Біз кейде ерекше баланың бар екенін статистика үшін ғана мойындайтындаймыз. Ал кітап ше? Ерекше қажеттілігі бар бала кітап оқымаса – ол тек білімсіз болып қалмайды, көрінбейтін адамға айналады. Біз ол баланың үнін ана тілінде естуіміз керек. Естігіміз келсе, қазақтілді инклюзияның дамуы үшін ана тілімізде оқулық кітаптарды көптеп шығарып, үлес қосуға тиіспіз. Қазақ тілі тек әдебиет сабағына ғана емес, тірі баланың сөйлеуіне қызмет етуі керек.  Сіз не дейсіз?..

Жұлдыз ӘБІЛ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →