×

Алматылық дәрігерлер ми мен бас сүйегінің туабітті ақауымен туған балаларға ота жасайды

Осындай отаның бірі краниосиностоз диагнозы қойылған 6 айлық Демид есімді сәбиге жасалды

Алматылық дәрігерлер ми мен бас сүйегінің туабітті ақауымен туған балаларға ота жасайды
№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасы

Оңтүстік астанадағы №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасында ми мен бас сүйегінің ақауымен туған балаларға бірегей операциялар жасалады. Осындай отаның бірі краниосиностоз диагнозы қойылған 6 айлық Демид есімді сәбиге жасалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі клиниканың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, мұндай күрделі нейрохирургиялық операциялар Алматыда тек №2 ҚКБА-да ғана жасалады. Ота балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізіледі.

Күрделі манипуляцияны жасауды алғаш қолға алған нейрохирург Азамат Жайылғановтың сөзіне сүйенсек, краниосиностозға шалдыққанда іште жатқан шарананың бас сүйегі бітіп, салдарынан сүйек пішіні бұзылады. 

Еңбегі ерте қатып, бас сүйек пішіні бұзылған Демидке краниосиностоз диагнозы 5 айында қойылған.

«Әдетте, баланың бас сүйегі үнемі өзгеріп отырады. Сүйек бөліктері бір-біріне тігіспен жалғанған, бұл оның дұрыс өсуіне мүмкіндік береді. Табиғатта баланың еңбегі шамамен екі жаста жабылады. Ал краниосиностозға шалдыққан баланың еңбегі ерте жабылып, бастың жабылмаған тұсы өсіп пішіні бұзылады», - дейді дәрігер.

Бұл тек көзге қораш көрінетін дерт емес. Дер кезінде шара қолданбаса миға қысым күшейіп, баланың психикалық дамуы тежеледі, соқырлық, мүгедектік сынды бірқатар неврологиялық проблемаларға душар болуы мүмкін.

Демидке шағын инвазивті хирургиялық операция жасалды. 

Бала отадан кейін төртінші күні ауруханадан шықты. 

Әкесінің айтуынша, хирургиялық емнің нәтижесі бірден көріне бастаған. Бастапқыда диагноз қойылғаннан кейін сарыуайымға салынған ата-ана баланы шетелге апарып емдету жағын ойластырыпты.  

«Қазір Демидтің жағдайы жақсы, ақылды бала болып өсіп келе жатыр. Мұның бәрі қазақстандық балалар нейрохирургтерінің, қолы алтын дәрігер Азамат Әбікенұлының арқасы», - дейді баланың әкесі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →