Ол қарыз болып қалған.
Шымкентте көпбалалы әке жалдау ақысын төлей алмауына байланысты пәтерінен айырылып қала жаздады. Алайда соңғы сәтте апелляция мен медиацияның арқасында баспанасын сақтап қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қала тұрғыны құны 13 миллион теңгеден асатын үш бөлмелі пәтерді жалға алып, кейін оны сатып алу құқығымен ипотекалық компаниямен келісімшарт жасаған. Шарт бойынша ол жалдау төлемдерін тұрақты түрде төлеп отыруы тиіс болған, алайда міндеттемелерін орындай алмай, 2 миллион теңге берешек болып қалған. Осыған байланысты компания азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотқа шағым түсіріп, келісімді бұзуды, берешекті өндіруді және пәтерден шығарып жіберуді талап еткен.
Сот отырысында жауапкер – кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі – қарызын мойындады, алайда отбасын баспанасыз қалдырмауды өтінді. Ол қаржылық жағдайының ауыр екенін айтып, берешекті бейбіт жолмен өтеуге мүмкіндік беруді сұраған. Дегенмен алғашқы тыңдалымда компаниямен мәмілеге келу мүмкін болмады. Сот Азаматтық кодекске сүйене отырып, талапты қанағаттандырды. Жалға алу шарты бұзылып, қарыз өндірілді, ал отбасын пәтерден шығару туралы шешім шығарылды. Өйткені жалға алушының бұл пәтерге меншік құқығы да, тіркеуі де болмаған.
Алайда ер адам берілмей, апелляцияға жүгінді. Апелляциялық сатыда тараптар өзара ымыраға келіп, медиация тәртібімен келісімге қол жеткізді. Шымкент қалалық соты бұл келісімді мақұлдады. Жалдаушы қарызын, соның ішінде салықтық міндеттемелерін де өтеуге және келісімшарт бойынша төлемдерді жалғастыруға міндеттелді. Ал отбасы пәтерде тұру құқығын сақтап қалды, келісімшарт та толық орындалғанға дейін күшінде қалды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.