×

Президенттің тапсырмасын орындамау кімдерге тиімді? Астанадан Арқалыққа салынатын жол құрылысының бағыты өзгеруі мүмкін

Президенттің тапсырмасын орындамау кімдерге тиімді? Астанадан Арқалыққа салынатын жол құрылысының бағыты өзгеруі мүмкін
Фото: istockphoto

Бурабайдағы Ұлттық құрылтай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырған. Бірақ уақыт келе беле бұл бағыттағы жол құрылысына өзгеріс енгізілуі мүмкін екені айтылып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желіде бұл жолдың бағытына енетін өзгертістерді талқылаған жиын өткені туралы фото да талқыланды. Онда жолды Торғай арқылы емес, Ұлытау облысы арқылы салу керектігі көрсетілген. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев «Tiek.kz» арнасына пікір білдірді.

«Бұл жағдай бізді де алаңдатып отыр. Президент Бурабайдағы Құрылтайда жолдың бағытын анық айтқан еді. Бұл маршрут Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары арқылы өту керек деген болатын. Президент тапсырма берген соң, премьер-министр барып, бір ай шамасында жұмысты бастаңдар деп нығыздап айтып кеткен. Сосын бұрынғы көлік министрі Марат Қарабаев халықпен кездесу өткізді. Осыдан соң жұмыс басталды. Арада бір-екі ай өткенде, кейбір шенеуніктер басқа да маршруттарды қарасақ қалай болады деген ұсыныстар айтады. Әзірге ресми түрде құжатын көрмедім. Бұл дұрыс емес. Өйткені президенттің анық тапсырмасын орындау керек. Сондай ұсыныс жасап жүрген шенеуніктерден сұрауымыз қажет. Ел президентінің берген тапсырмасын өзгертуге қандай құқықтары бар екенін білуіміз керек», - дейді Берік Бейсенғалиев.

Айта кетейік, президенттің баяндамасында жаңа тас жол еліміздің орталық және батыс өңірлері арасындағы жолды 560 шақырымға қысқартады делінген болатын.

Ал экс-көлік министрі Марат Қарабаев Арқалықтағы халықпен кездесуде «Орталық – Батыс» жаңа бағыты — Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарының шалғай аудандарындағы жол мәселесін шешеді деп айтқан.

Қостанай облысының Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандары, Ақмола облысының Егіндікөл және Жарқайың аудандары, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Астана арасындағы жол қатынасы жақсарады. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына айтарлықтай әсер етеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →