Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Гүлмира Маралбекқызының сөзінше отбасылық құндылықтар әр адамның жеке өмірінде ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін де аса маңызды. Осы тұрғыда, Түркістан қаласындағы аталмыш орталықтың атқарып отырған жұмыстарының бірі – пробация есебінде тұрған азаматтарға қолдау көрсету болып табылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Маманның сөзінше өмірлік қиын жағдайға тап болып, қателік жасаған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуі оңай емес. Мұндай жағдайда оларға тек заңдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық, әлеуметтік және адами тұрғыдан қолдау қажет. Өйткені пробация есебіндегі адамдардың басым бөлігі – отбасының бір мүшесі, әке, ана, бауыр, бала. Егер оларға дер кезінде көмек көрсетіліп, дұрыс бағыт берілмесе, бұл тек сол адамның емес, бүкіл отбасының тағдырына әсер етеді.
«Отбасылық құндылықтарды сақтау – олардың қайта қылмыс жасамауына, қоғамға бейімделуіне және отбасының бірлігін нығайтуға ықпал ететін маңызды фактор. Әрбір азамат отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана қоғамда тұрақтылық пен татулық артады. Осы бағытта орталық тарапынан жүргізілетін жұмыстардың мәні зор. «Отбасын қолдау орталығы» пробация есебінде тұрған азаматтарға психологиялық көмек көрсетіп, адамның ішкі күйзелісін жеңілдету, эмоциялық тұрақтылығын қалыптастыруға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, еңбекке орналасу, қайта оқыту, тұрмыстық мәселелерді шешу жолдарын түсіндіреді. Бұдан бөлек, заңдық құқықтарын түсіндіру, қажетті құжаттарды рәсімдеуде бағыт беру және отбасы мүшелерімен қарым-қатынасты жақсартуға, сенімділікті арттыруға бағытталған жұмыстармен айналысады. Осылайша, пробация есебіндегі азаматтарға көмек көрсету – тек бір адамның тағдырын түзеу емес, тұтас отбасын сақтап қалу болып табылады»,- деді маман.