Конкурс аяқталуға жақын
Қазақстанда салынып жатқан алғашқы атом электр станциясына (АЭС) атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс аяқталуға таяды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, байқауға қоғам тарапынан ерекше қызығушылық байқалған. Қазірдің өзінде 28 мыңнан астам өтінім қабылданған.
«Қазіргі уақытта Ұлттық даму ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп барлық ұсынысты талдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз тек атауларды ғана емес, қатысушылардың географиясын, жас ерекшеліктерін және гендерлік арақатынасын да зерттеп жатырмыз. Бұл ұсыныстардың ел бойынша қалай бөлінгенін түсінуге көмектеседі. Осыдан кейін комиссияның қорытынды отырысы өтіп, Балқаштағы АЭС-тің ресми атауы бекітіледі», – деді Сәтқалиев.
Агенттік төрағасы әзірге нақты атауларды атаудан бас тартты.
«Көптеген қызық нұсқалар бар. Кейбірі – тарих пен географияға, кейбірі – танымал тұлғаларға қатысты, ал енді біреулері заманауи, технологиялық және урбанистік сипатта. Сондықтан қазір атауларды талқылау дұрыс болмайды», – деді ол.
Байқау ережесіне сәйкес, болашақ атом электр станциясының атауы қысқа, үйлесімді, әрі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей оң қабылданатындай болуы тиіс. Сонымен қатар атау елдің мәдени және тарихи ерекшелігін бейнелеп, атом энергетикасы саласының заманауи имиджіне сай келуі керек.
Комиссия отырысында қорытынды шешім қабылданып, дауыс беру статистикасы мен ұсыныстар құрылымы да жария етіледі деп жоспарланған.