×

«Адам ақымақ емес екенін дәлелдеуге міндетті емес»: Депутат зейнетақы шектеуіне қарсы шықты

«Адам ақымақ емес екенін дәлелдеуге міндетті емес»: Депутат зейнетақы шектеуіне қарсы шықты
Gov.kz

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов  зейнетақы жинағын пайдалануға шектеу қою туралы бастамаға пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 «Отбасы банк» зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған пәтерді бес жыл ішінде сатуға тыйым салу жөнінде ұсыныс жасап, оны Индустрия және құрылыс министрлігіне жолдаған.

«Қарапайым тілмен айтқанда, егер азамат баспананы зейнетақы жинағы арқылы алса, оны бес жыл бойы сата алмайды. Бұл алыпсатарлық мәмілелердің алдын алып, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді», – деп түсіндірді банктегілер.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұл тек қаралып жатқан ұсыныс, нақты шешім әзірге қабылданған жоқ.

Депутат Айтуар Қошмамбетов мұндай бастаманы қазақстандықтардың өмірін күрделендіретін және олардың конституциялық құқығын шектейтін шара деп атады.

«Менің ойымша, мемлекет жемқорлық схемаларын, ақшаны заңсыз айналымға түсіру әрекеттерін анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуы керек. Ал адал жолмен табыс тауып, мүлкін заңды түрде иеленген азаматтарды шектеу – дұрыс емес. Бұл олардың конституциялық құқығын бұзады», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Қошмамбетовтің сөзінше, мемлекет заңсыздық бар болса, оны азамат емес, уәкілетті орган дәлелдеуі тиіс.

«Егер бір жерде схема бар болса, мейлі жылжымайтын мүлікке қатысты болсын, мейлі тіс емдеуге қатысты болсын, адам ақымақ емес екенін дәлелдеуге міндетті емес. Кінәлі болса, оны билік дәлелдеуі керек. Оның үстіне мұндай істерге кей шенеуніктердің де қатысы бар. Соларды анықтап, жазалау қажет. Ал қарапайым халықтың есебінен заңсыздық іздеу – ақылға қонымсыз», – деді депутат.

Ол сондай-ақ мысал келтірді.

«Егер бәріне тыйым сала берсек, онда жылдамдықты бұзбас үшін көлік жүргізуге де тыйым салайық. Бұл — қисынсыз әрі күлкілі», – деді.

Қошмамбетов өзінің кез келген шектеуге қарсы екенін айтып, азаматтарға зейнетақы жинақтарын өз қалауы бойынша – баспана алуға, емделуге және өзге де қажеттіліктерге пайдалану мүмкіндік беру қажет екенін атап өтті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →