Қазақстанда зейнетақы жүйесі үш бөліктен тұрады
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдері тағы өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Зейнетақыны өсіру – Әлеуметтік кодексте бекітілген норма. Құжатқа сәйкес, жасына және еңбек өтіліне байланысты төлемдер жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген мөлшерде индекстеледі. Алдын ала есеп бойынша, 2026 жылдың басынан бастап жасына байланысты зейнетақы шамамен 10 пайызға ұлғаяды. Базалық зейнетақы да ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне сай көбейеді.
Қазақстанда зейнетақы жүйесі үш бөліктен тұрады: ынтымақты, базалық және жинақтаушы. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде жарты жыл еңбек өтілі бар азаматтарға тағайындалады. Базалық төлем зейнеткерлік жасқа жеткендердің барлығына беріледі және оның мөлшері жүйеге қатысу өтіліне байланысты — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан 110 пайызына дейінгі аралықта есептеледі. Ал жинақтаушы бөлік адамның жеке салымдары мен табыс көлеміне тікелей байланысты.
Бұған қоса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы төлемдер жыл сайын 5 пайызға индекстеледі. Келер жыл да бұл тұрғыдан ерекшеленбейді. Тиісінше, барлық зейнеткерлердің төлемдері артады. Сонымен бірге 2023 жылдан бері басталған базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көбейту процесі 2027 жылға дейін жалғасады.
Алдын ала есеп бойынша, 2026 жылдан бастап базалық зейнетақының ең жоғарғы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін өседі. Нәтижесінде, базалық төлемді қоса есептегенде ең төменгі зейнетақы шамамен 104 645 теңге, ал ең жоғарғысы 238 412 теңге болмақ.