×

Кей деструктивті ағымдар ұлттық дәстүрлерді «дінге қайшы» қояды

Кей деструктивті ағымдар ұлттық дәстүрлерді «дінге қайшы» қояды

Елімізде діни ахуал қай деңгейде? Қоғамдағы конфессияаралық қатынастардың ерекшеліктері, діни ұйымдардың қызметі, мемлекет жүргізіп отырған дін саласындағы саясат және тұрақтылықты сақтау мәселелері нәтижелі ме? Qaz365.kz тілшісі діни сауаттылықты арттыру, экстремизм мен радикалды идеялардың алдын алудың маңызы туралы «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, дінтанушы Балғабек Мырзаев Әбдіқайымұлымен сұхбаттасты.  

– Балғабек Әбдіқайымұлы, бүгінгі күні діни ахуалдың даму барысын қалай қадағалауға болады?  

– Бұл мәселені негізгі 3 бағытта алып қарастыруға болады. Біріншісі, зайырлылық мәселесі. Екіншісі, конфессияаралық келісім мәселесі. Үшіншісі, діни экстремизм мен радикализм мәселесі. Осы үш бағыттың ішінде тек конфессияаралық келісім бағыты бойынша ешқандай проблема жоқ деп айтуға болады. Елімізде конфессияаралық келісім мен толеранттылық мәдениеті қалыптасып, дамып келеді. Түрлі дін өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі мемлекет жүргізіп отырған діни саясаттың тиімділігін көрсетеді. 

 Ал, зайырлылық мәселесі мен діни экстремизм мен радикализм тақырыптары терең талдауларды қажет етеді. Осы екі мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. 

Алдымен Қазақстандағы зайырлылықтың дамуына тоқталайық. Бүгінгі таңда Қазақстан зайырлы қағидаттарға негізделген, алайда азаматтардың діни сенім бостандығын толық қамтамасыз ететін елдердің бірі. Қазақстан Конституциясы бойынша мемлекет зайырлы сипатта. Яғни, дін мемлекеттен бөлек, бірақ қоғам өмірінде өз орны бар. Мемлекет азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді.  

Зайырлылықтың басты мақсаты – қоғамда әртүрлі сенімдегі адамдардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау. Яғни мемлекет ешбір дінді артық немесе кем санамайды, барлық конфессияларға тең мүмкіндік береді. 

– Алайда, соңғы жылдары кей жағдайда зайырлылықты дінге қарсы ұғым ретінде қоятын қате түсінік пайда бола бастаған сияқты.  

– 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда жаңа Конституция жобасына «дін мемлекеттен бөлек» деген арнайы баптың енгізілуі де көп жайды аңғартады. Қоғамдағы пікірталастар, әсіресе діни киім мәселесі, білім беру жүйесіндегі діннің орны, әлеуметтік желідегі діни уағыздар, дәстүр мен дін арақатынасы сияқты тақырыптар қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отыр. Кейбір деструктивті ағымдар ұлттық дәстүрлерді «дінге қайшы» деп көрсетіп, қоғамда бөлінушілік туғызуға тырысады. 

Сондықтан Қазақстанда зайырлылық түсінігін дұрыс түсіндіру және қоғамда орнықтыру жұмыстарын күшейту қажет деп есептеймін. Себебі, шын мәнінде зайырлылық – дінге қарсы емес, керісінше дін бостандығын қорғаудың құқықтық тетігі. Зайырлылықтың дұрыс түсіндіріліп, қоғамда дұрыс қабылдануы – елдің бірлігі мен тұрақтылығының маңызды кепілі болып қала береді. Зайырлылықтың табысты дамуы үшін дін мен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.  

Радикалды ағымдар мәселесіне келер болсақ, Қазақстанда қоғамның радикалдануының алдын алу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта құқықтық, идеологиялық және әлеуметтік деңгейде кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан дін саласын заң арқылы реттеу, жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау және діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу сияқты бірнеше маңызды қадам жасалып жатыр. Бұл бағытта арнайы мемлекеттік органдар, ғылыми орталықтар және дінтанушы мамандар тынымсыз жұмыс істейді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →