Оларға мемлекеттік нөмір беру әлі қарастырылмаған
Самокат жүргізушілері куәлігі болған жағдайда ғана жолдарда жүре алады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, самокат, мопед және велосипедтерге мемлекеттік нөмір беру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселе күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
“Соңғы кездері самокат және мопед жүргізушілері қатысуымен болатын жол-көлік апаты көбейген, сондықтан оны құқықтық реттейтін кез келді. Бізде «заңмен тыйым салынбағанға рұқсат» деген қағида бар, сондықтан жаяу жүргіншілердің, самокат пен мопед жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір шектеулер қабылданып, нормативтік құқықтық актілер қабылдануда.
Өкінішке қарай, бізде небәрі велосипедпен жүруге болатын 500 шақырым жол ғана бар. Сондықтан егер адам 18 жаста болса және жүргізуші куәлігі болса, сондай-ақ шлем мен шағылысатын белгілері болса ғана, жолдың оң жағымен қозғала алады”, – деді министр.
Сондай-ақ, Ахметжанов бұл көліктерді жүргізу үшін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болу керек екенін түсіндірді.