×

«Бағдарламаларыңызды жазған адамға дұғай сәлем»: Зайытов халықтың табысын арттыру жайлы

Ол бағдарламаның кемшін тұстарын атап өтті

«Бағдарламаларыңызды жазған адамға дұғай сәлем»: Зайытов халықтың табысын арттыру жайлы
Ашық дереккөздерден

Мәжілісте депутат Ринат Зайытов «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарының кемшін тұстарын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы барлығына ұнайды. Бірақ оның орындалу тетігінде біраз олқылықтар бар. Жергілікті жерде «Ауыл аманаты» бойынша қаржы алайын десе, міндетті түрде біреудің туысы немесе әкімдікке жақындығың болмаса, оны алу қиын. «Ауыл аманаты» бойынша дербес қаржыландыру орталығын құру мүмкіндігі бар ма? Мысалы, өңірлерден шағым түсіп, жобаларына қаржы берілмей жатыр десе көмек беретін. Керісінше, жұмыс істемейтін адамдар алып жатқан сыңайы бар», - деді ол.

Сонымен қатар Ринат Зайытов кешенді бағдарламадағы олқылықтар туралы да айтып өтті.

«Бағдарламада 90 мың тауарға талдау жүргізіліп, мемлекеттік қолдау көрсетілетін ең маңызды 37 тауар түрі анықталды дейді. Олардың құрамында кілем және кілем бұйымдарын, пластикалық терезе өндіру бар. Сіздер кілем өндіру мен пластикалық терезе өндіруді ашамыз дейсіздер. Бірақ бағасы жағынан Қытайдан, сапасы жағынан Еуропадан оза ала ма? Жоқ, тағы да ашылып, үлкен бастық лентасын қиып, тағы жабыла ма? Осы жағын ойластырыңыздар. Не бағдарлама бұл? Адамдар нан таба алмай отырса, кілем тігіп бергелі отырмыз. Бұл қалай сонда?» - деді ашынған депутат.

Жобаны қарастыратын тәуелсіз адамдар туралы айтып, мәтінде кеткен қателіктерді тілге тиек етті.

«Бағдарламаларыңызды жазған адамға дұғай сәлем. Қазақшасында «неудовлетвори́тельный» дегенді «қанағаттанарлықсыз» деп қарастыруға болады. Бірақ «критический» деген «сыни» деген сөз емес. Мен қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде айтамын. «Сын көтермейтін» дейді қазақша. «Экстренный» деген «шұғыл» емес, ол «срочный» деген сөз, бұл жерде «күттірмейді» деп аударылады. Келесі жолы осындайларға назар аударыңыздар», - деді депутат.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →