×

«Прокурордың уайымы – сотталушылар»: Дина Таңсәрі Өскеменде соққыға жығылған студенттің ісіне алаңдаулы

Ол алғашқы сот отырысы қалай өткенін айтып берді

«Прокурордың уайымы – сотталушылар»: Дина Таңсәрі Өскеменде соққыға жығылған студенттің ісіне алаңдаулы
Коллаж: Qaz365.kz

Өскемен қаласында әжетханада студент қызды соққыға жыққан бойжеткендерге қатысты алғашқы сот отырысы өтті. «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі алғашқы отырыс қалай өткенін баян етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сәуір айының басында Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын.

Бүгін аталған іске қатысты бірінші сот отырысы өтті. Бірақ, судья айыпталушы тараптың және прокурордың ұсынысымен сот жабық түрде өтеді деген шешімге келді. Жәбірленуші қыздың анасы мен туған-туыстары ғана соттың ашық өтуін сұрады. «Аяулымның ата-анасынан басқа ешкім кешірім сұрап келмеді» деп соққыға жығылған қыздың анасы Альмира Досымова сұхбат берген еді.

Кәмелет жасқа толмаған қыздардың «ОПГ-сы»

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі бүгін сот отырысы туралы әлеуметтік желіде ақпарат таратты. Оның сөзінше, судья алдымен сот ашық өтетінін хабарлағанымен, кейін жабық өткізу жөнінде шешім шығарған.

Дина Таңсәрі берген ақпаратқа сәйкес, істе 2008 жылғы А.А есімді бойжеткен және тағы да 2008 жылы туған Т.К есімді бойжеткен (қаладағы 44 мектептің оқушысы, шенеуніктің қызы), медколледждің 2006 жылғы О.А. есімді тағы бір бойжеткен күдікті деп танылған. Алғашқы екеуіне қылмыстық кодекстің екі бабы (293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 194-бабы 2-бөлігі 1,2- тармағы) бойынша айып тағылған. Ал үшінші айыпталушы 293-бабы 2-бөлігі бойынша күдікті ретінде өтіп жатыр.

Айыпталушының үшеуі де екі-екіден адвокат жалдаған. Дина Таңсәрінің жазуынша, айыпталушының алғашқы екеуі ісіне өкінгенін көрсетпеген. Үшіншісінің өзі де, ата-анасы да жалынып-жалбарынып, кешірім сұраған.

«Видео жарияланған сәттен бастап біздің қорға осы О.А.-ның анасы хабарласып, ол да шенеуніктің қызы тарапынан буллингке ұшырағанын, кейін сол шенеуніктің қызы қорқытып, қызын қылмыстық іске араластырғанын айтқан. Бізге белгілісі – сол Т.К-ға О.А-ның ата-анасы арыз түсірген. Бірақ тергеудің не шешкені белгісіз», –  деп жазады Дина Таңсәрі.

«НеМолчи» қорының жетекшісі айыпталушыларды кәмелет жасқа толмаған қыздардың «ОПГ-сы» деп атайды. Сөзінше, осы топтағылар іске 14 жасөспірімді араластырған. Алайда 11 жасөспірімнің ешқайсысы ешбір жауапкершілікке тартылмаған. Тіпті есепке де тіркелмеген.

Жәбірленушіге жылу жиналып жатыр

Дина Таңсәрінің хабарлауынша, әйгілі видеоны кімнің түсіргенін, кімнің таратқанын тергеу әлі айтпаған. Алайда Таңсәрі бұған ер бала, 1 мектептің қызы және Т.К-ның әпкесі – шенеуніктің екінші қызының қатысы барын атап өтеді.

«Бүгін сотта көп адам болды. БАҚ өкілдері, ата-аналар мен зардап шегушінің достары. Бәрі де әділдікті күтеді. Судья залды желдету керек деген сылтаумен бәрін сыртқа шығарып жіберді. Арада 10 минут өткеннен кейін БАҚ пен туған-туыстары залға кіре алмады.

Сонымен қатар сот отырыстарының кестесі сотталушылардың адвокаттарының талаптарына сәйкес жасалды. Зардап шеккен қыздың өкілі ауызша өтініш білдіріп, жәбірленуші Астанадан онлайн қатысса деді. Бірақ судья оған келіспеді», - дейді ол.

Дина Таңсәрі жәбірленуші тарап күрделі жағдайда қалғанын, ал адвокаттар өз талаптарын оп-оңай «диктовать» етіп отырғанын сынайды. Келесі процес 8 маусымда өтеді. Жәбірленуші Астанадан келуге мәжбүр.

«Судья с.Туканбаева осындай қарым-қатынасты көрсетті. Ол өзінің 23 мамырдағы қаулысының күшін оп-оңай жойды. Прокурордың жетегінде кетті. Прокуратура сотталушылардың жайын уайымдап отыр. Олар сотталушылардың қыз баланың ары мен абыройын қалай таптағанын, бүкіл әлемге жалаңаш көрсеткенін ұмытып кеткен сыңайлы. Енді келіп, прокурор сотталушылардың қамын ойлап әлек», - дейді ол.

Дина Таңсәрі ШҚО полиция департаменті Инесса Чернышоваға қарсы іс қозғаудан да бас тартқанын атап өтеді.

«Оған қарсы бізде ШҚО-да балаларды қорлауға қарсы үш арыз бар. Оның атағы жаман жағынан шыққан. Инесса Чернышова істі кешеуілдетіп отыр! Чернышова ханым, сіздер қылмыскерлерді қашанғы қорғайсыздар?» - дейді Дина Таңсәрі.

«НеМолчи» қоры іс бойынша зардап шеккен жәбірленуші мен оның отбасын қолдау үшін жылу жинап жатыр» дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →