Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде рулық, жершілдікке бөлініп, ұлтараздық қоздыратындарды жазалауды сұрады
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде рулық, жершілдікке бөлініп, ұлтараздық қоздыратындарды жазалауды сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол Tik-tok желісінде жарияланған «Никогда не встречайтесь с найманами они подлые гады» деген видеомен бөлісті. Авторы – Жанара Бауыржанова есімді қолданушы.
«Ұларалық араздық» дейміз. Иә, саяси демократиялық қатынастары қалыптасып болмаған ала-құла қоғамда ондай бар. Ал мынау – төменгі Tik-tok қандай әлеуметтік араздықтың ошағы болмақ? Менің білетінім – бұл араздықтың алғашқы атасы Нұрсұлтан Назарбаев. 2000-жылдардың басында Серікболсын аға Әбділдин бастаған біраз азаматты (Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов, Зәуреш Батталова, генерал Тоғысов, Амангелді Керімтаев, Маржан Аспандиярова, бұл қатарда мен де бармын) өз билігіне қатерлі элемент санап, бұл өңірдің тумасын билікке жолатпау жөнінде астыртын нұсқау берген. Сол кезеңде ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болған азаматтар бұл жағдаяттан хабардар болса керек», - дейді Ермұрат Бапи.
Депутат енді осы ретте заман өзгергенде де, мұндай тақырыптар әлі де күн тәртібінен түспей тұрғанына ашуланды.
«Ал енді бірақ осы мазмұндағы медиалық мерез тақырып (мысалы, ТВ 7-арна) күні бүгінге дейін неге күн тақырыбынан түспей тұр? Бұл қандай қажеттен туған актуальдылық? Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне жауап беруші бір орган - Ақпарат министрлігі не қарап отыр? Қазақтың басын біріктірмеуге бағытталған мұндай контентті ТВ-медиадан алып тастауға неге ықпал етпейді? ҚР Бас прокуратурасы бұл әлеуметтік араздықты тыюға неге мұрындық болмайды? Бұл тренд неге күн тақырыбынан түспей тұр?», - деп күйінді ол.