Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәселеден хабардар екен.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Үндістанда «күйеуім ұрады, алып кетіңіздер» деп шағымданған қазақстандықтың мәселесін бақылауға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске сала кетейік, «Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Үндістанның Калькутта қаласында үш баласымен тұратын қарағандылық тұрғынның хатын жариялаған болатын. Хаттағы мәліметке қарағанда, әйелдің үлкен баласы 10, ортаншысы 3,5, кіші бір жаста.
«Егер бұл жерден кетіп қалатын аз ғана мүмкіндігім болса, бір сәт те тұрмас едім. Маған көмектеріңіз керек. Күйеуім 4 жылдан бері ұрады, тұншықтырады. Тамақ ішуді шектейді. Өзі отбасын асырамайды, ішіп жүреді. Балаларымды ешқайда шығармайды. Үлкен қызыма оқуға мүмкіндік бермейді және оны да ұрады, қорқытады», - делінген әйелдің хатында.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәселеден хабардар екен. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың хабарлауынша, 28 тамызда Қазақстанның Үндістандағы Елшілігіне Қазақстан азаматшасы хабарласып, оған және оның 3 баласына елімізге оралуға көмек көрсету туралы өтініш білдірген.
«Ол Үндістан азаматы болып табылатын күйеуімен бірге Калькутта қаласында тұрады. Азаматшамыздың айтуынша, оның күйеуі оған моральдық қысым жасайды, қаржылай шектейді және күш қолдану әрекетімен қорқытады. Жеке отбасылық жанжалдар аясында аталған әйел Қазақстанға оралуға ниет білдірді. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, отандасымыздың үлкен қызы ҚР азаматы, ал қалған екеуі – Үндістан азаматтары. Үлкен қызынын Үндістан визасының мерзімі өтіп кеткен, бұл көші-қон заңнамасын бұзу болып саналады. Ал кіші екі баланы әкету үшін екінші ата-ананың заңды рұқсаты қажет», - дейді ол.
Қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, қазақстандық дипломаттар отандасымызға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, ҚР-дың Калькуттадағы Құрметті консулы құжаттар мәселесін шешу үшін іске кіріскен.
«Мәселе Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің ерекше бақылауында», - деп хабарлайды Айбек Смадияров.