Мекккеге барып, Қағбаның қасында тұрып, үндеу тастаған танымал блогердің әрекеті ел ішінде қызу талқыланып жатыр
«Ақша салсаңыздар, дұға жасаймын...». Мекккеге барып, Қағбаның қасында тұрып, осылай үндеу тастаған танымал блогердің әрекеті ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Qazaqstan арнасына келіп, сұхбат берген теолог, исламтанушы Асқар Сабдин мұның дұрыс емес екенін айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Кітаптарда құлшылық, ақирет амалдары үшін құдайға жақындататын ғибатат, тағат, құрбат дейді. Осы амалдар үшін ақыны талап ету бар ма, жоқ па деген – үлкен тақырып. Негізінде діннің монетизациясы соңғы кезде үлкен проблемаларды туындатып жатыр. Мудараба деп діннің атын жамылып, діннен хабары жоқ блогерлер Мудораба деген діннің үкіміне көлеңке түсірді», - дейді Асқар Сабдин.
Оның айтуынша, екіншіден, қажылық фирмалардың алаяқтығы үшін бірнеше адам жауапқа тартылып, сотталып жатқандар да бар.
«Бұл жерде жалпы үкім қалай? Негізінде, Құранда Алла тағала «құлшылық, ғибадаттардың барлығы құдайға арналуы керек» дейді. Құлшылық, соның ішінде дұға, қажылық, умра, намаз бар – қандай құлшылық болса да, соның барлығы тек құдайға арналуы керек. Бұл – діндегі негізгі үкім. Ал енді бұл үкімді кейбірде ережеден тыс, зәрулікке байланысты жасалатын құлшылық ғибадаттар бар. Мысалы, адамның жағдайы жоқ, ақшасы бар, бірақ денсаулығы жоқ адам умраны жасай алмайды, қажылыққа бара алмайды. Сол кісі өкіл адамды жіберуіне рұқсат. Бірақ өзінде зәрулік болса! Зәрулік болмаса, ондайға да рұқсат жоқ. Немесе қайтыс болып кеткен, өзі жасауы мүмкін болмаған тұлғалардың атынан умра-қажылық немесе қажылық жасау мүмкіншілігіне де рұқсат», - дейді ол.
Асқар Сабдиннің айтуынша, Құран оқуға байланысты ғұламалар өз үкімін айтқан. Мәселен, соның ішінде Ханафи мәзхабының ғалымдары Құран оқу үшін ақы талап ету харам деп үзілді-кесілді үкім берген. Жағдайы жоқ Құран ұстазы Құранды ақылы түрде оқытуы мүмкін. Бұл жерде ережеден тыс ақы алуы ықтимал.
«Егер Құран үйретуші ұстаздың қаражаты, жағдайы болса, ол біздің Ханафи ғұламалары «ол кісінің ақы алуға қақысы жоқ» дейді. Біздің имамдар да Құран оқиды ғой. Негізінде Ханафи мазхабында ол кісілердің ақы талап етуге қақысы жоқ. Неге? Өйткені құлшылық жасап жатыр. Құран оқу қызмет емес, құдайға жасалып жатқан құлшылық, ғибадат. Құлшылық негізінде Аллаға ешкімді ортақ қылмау, талап етпеу. Ахирет амалы үшін ғұламалар дүние малын қолдануға рұқсат бермеген. Яғни құлшылық тек құдайға жасалуы керек және негізінде бұл таухит болып есептеледі. Ал оған ақша талап ету, садақ жібер деген – басқа діндерден келген практика. Басқа діндерде ол заңды болуы мүмкін», - дейді ол.