×

Әкімі «уәде» берген Семейде жылу маусымы басталмай жатып, орталық құбырлар жарылып жатыр

Соның салдарынан тұрғындар күздің қара суығында дірдектеп отыр

Әкімі «уәде» берген Семейде жылу маусымы басталмай жатып, орталық құбырлар жарылып жатыр
Qaz365.kz коллажы

Семейде жылу маусымы басталмай жатып, орталық құбырлар жарылып жатыр. Мәселен, соңғы бір аптада көпқабатты үйлерге тартылған желілерде үш мәрте апат болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап. 

Соның салдарынан тұрғындар күздің қара суығында дірдектеп отыр. Тұрғындар 40 жылдан бері жаңартылмаған құбырлар қыста мүлде қатып қала ма деп қорқады. Көпқабатты сегіз баспанада жылу жоқ. Тұрғындардың айтуынша, сырттағы жылу құбырлары әбден тозғандықтан, жылу маусымы басталмай жатып үш рет жарылған. Ұлардай шулаған қараша жылуды үйдің ішінен емес, даладан іздеп жүр. Өйткені шаһарға жаппай жылу бергенде бұл үйлердің тозығы жеткен құбырлары қысымға шыдас бермей жарылып кеткен. Енді тұрғындар жергілікті билік қысқа дайындықты дер кезінде пысықтамай, күн суытқанда бүрсеңдетіп қойды деп налиды. 

Сәния Қапасова: 

– Қазір қанша ақша бөліп жатыр, оны естіп жатырмыз. Сол ақша қайда? Неге халықтың игілігіне жұмсамайды? Міне, 14 қазанда жылу берді. 15-і күні жарылып қалды. Қазір қазатын жер де қалмады.

Жұрт былтыр да жылу болмай, тоқ пешпен амалдап шығыпты. Одан бері бір жыл өтсе де, жағдай түзелмеген.

Төлеубек Мақыжанов, ПИК төрағасы: 

– Әкімге айтсаң, ақша жоқ дейді. Былтыр тоғыз рет апат болды. Алдыңғы жылы 22 рет жарылды. Биыл берілгеніне бір апта болмай үш рет жарылды. Білмеймін, қыстан қалай шығамыз? Мысалы, сегіз үй, 640 пәтер бар.

Тұрғындардың айтуынша, бұл көпқабатты баспаналар қысқы маусымға тексеріліп, тіпті дайындалмаған. Әйтсе де әкім-қаралар қаһарлы күндерге тас-түйін дайын екенін алға тартып әлек. 

Евгений Мурашев, "Теплокоммунэнерго" МКК апат-диспетчер қызметінің бастығы: 

– Бұл үйге жылу 12 қазан күні берілді. Алайда ескірген құбыр екі рет жарылып қалды. Болған апат жойылды. Тозған құбырды жаңарту жұмыстары жылыту маусымы аяқталғаннан кейін орындалады. Қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз.

Шаһардағы жылу жүйелерінің 68 пайызы тозған. Соның салдарынан өткен жылғы жылу маусымында 330 апат болыпты. Биыл бұл көрсеткіш 15 пайызға азаяды деп болжануда. Демек коммуналшылар биыл да қақаған қыста жер қазып, құбыр жамаумен жүретін сияқты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →