Соңғы төрт жылда «АрселорМиттал Теміртау» жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған
Мәжіліс депутаты Арман Қалықов Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы апат туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Соңғы төрт жылдағы ресми мәлімет бойынша, компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырғаны белгілі болды. Оның басым бөлігін шетелге шығарған. Жасалған ескертулерге қарамастан, компания еш келісімге келмеген. Нәтижесінде, осы жылдың өзінде екі апаттық жағдай болды, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалды», – деді Арман Қалықов.
Ол адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырғанын атап өтті.
«Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90- жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырға шақырамын», – деді мәжілісмен.
Депутат осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін елімізде кәсіби кадрлар жеткілікті деп санайды.
Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болып, 46 кенші қаза болды.
Қазақстан Президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Үкіметте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.