×

Аягөзде өрттен төрт бала көз жұмған үйден 900 мың теңге ұрланған

Әке мен шеше бұл ақшаны екінші баласының көзіне ота жасау үшін жинап отырған

Аягөзде өрттен төрт бала көз жұмған үйден 900 мың теңге ұрланған
Ашық дерекезден

Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапқаны бұған дейін хабарланып, естіген жұрттың қабырғасын қайыстырған. Десе де тас түскен жеріне ауыр. Үлкен қайғыдан әке-шеше әлі ес жия алмай отыр екен. Мұны бізге сол жаққа барып келген «Азаттық» журналисі Нұртай Лахан айтып берді.

Қайғылы жайт болып жатқан кезде журналист ол үйден 900 мың теңге жоғалғаны жөнінде әлеуметтік желіде жазба жариялады. Әке мен шеше бұл ақшаны екінші баласының көзіне ота жасау үшін жинап отырған екен. Qaz365.kz тілшісі Нұртай Лаханмен әңгімелесіп, сол жайлы бірер сұрақ қойып көрді. 

– Нұртай мырза, ақша өрт болған кезде ұрланған ба?

– Иә, өрт болған кезде ұрланған дейді. Үйге полиция ешкімді, адамдарды кіргізбей қойды дейді. Қыстық куртқа шкаф ішінде тұрған. Кеуде қалтасынан ақшаны алып, куртканы төсектің үстіне лақтырып кеткен.

– Енді сол ақшаның жоғалғанын кімнен көріп отыр?

– Полициядан көріп отыр олар. «Басқа ешкім алған жоқ» дейді. Полиция ішке адамдарды кіргізбей қойған дейді. Сырттан бөтен ешкім, үй иелері де кірмеген. 

– Баланың бірінің көзі ауырғанын жаздыңыз.

– Екінші баланың көзі дұрыс көрмеген. Диагнозы қандай деп нақтысын сұрамадым. Көзі көрмегендіктен, екі рет барып баланың көзіне ота жасатқан. Үшінші ретінде айлықтан жырып, тағы бір отаға ақша жинап жүрген ғой. Нақты қанша сома жинап үлгердіңіздер деп едім, 900 мың теңге деді. 

– Өрт сөндіру кезінде қанша полиция болғанын біле ме екен өздері?

– Қанша полиция болғанын білмейді. Ішке кіріп, шығып жүрген. Содан кейін өрт сөндірушілер кірген дейді. Басқа ешкім кірмеген.

– Өрт сөндірушілері де алуы мүмкін бе?

– Кім біледі оны. Өздері полициядан күдіктеніп отыр. Өрт сөндірушілер ол кезде қарбалас жүрген. Ақтаруы екіталай дегенді айтты. Кейін акті жасаймыз деп, үй иелерін де жолатқан жоқ дейді. Енді анау балалардың әкесі мен шешесінің адаммен сөйлесуге жағдайлары жоқ. Барсам балалардың жетісін беріп жатыр екен. Әкесінің Өскеменде тұратын інісі бар екен. Негізінен негізгі әңгімені сол айтты. Еңселерін әлі көтере алмай отыр. 

– Үй берді деген ақпарат тарап еді.

– Үйді әлі берген жоқ. Сұрап едім, әлі ағасының үйінде тұрып жатыр екен. Менің алдымда аудан әкімі келіп кетті деді. Уақытша, қараша соңына дейін жалдап тұратын үй тауып берем, өзіміз жалдау ақысын көтеріп аламыз депті. «Болашақ» қоры қаражат жинап жатыр екен. Сол жиналған қаражатқа Өскеменнен үй сатып әпереміз деген көрінеді. Бұлар Өскеменге тіркеліп, балаларын емдетуге бейімделген сияқты. Тұрақты тіркеуде Өскеменге барып тұрған едік деді. Өскеменнен жиналған қаражатқа үй алып береміз деп жатқан көрінеді.

– Төрт баласы бар адам Үкіметтен онсыз да әлеуметтік жәрдемақы алады. Бұл кісілер де алып отырған ба?

– Алған екен. Қазір қанша екенін, әр балаға 11-12 мың теңге алған екен. Оның сыртында әкесі 80 мың теңге айлық алады деді. Екі сиыр сауып, күніне 1500-2000 мың теңге түседі. Екі-үш сағат айналып, сүт сатады екен. Үйді сыртынан бекітіп кеткен. Үйді сыртынан бекітіп кету күнделікті әдеті болған екен. 

Айтуларынша, сіріңкемен ойнаған. Үш бала түпкі бөлмеге қашып тығылған. Кішкентай басқа бөлмеде қалып қойған. Балалар шыға алмаған сол беті.

– Үлкені қанша жаста болған?

– Үлкені 8 жаста. 8, 6, 4 және 2 жастағы балалар. 

Осындай жағдай болып жатқан кезде қандай жүрегі жоқ адамдар ақшаны алып кеткен деп ол жақта айтып жатыр. 

Еске сала кетейік, таяуда Аягөз қаласындағы төрт баланың қазасына Мәжіліс депутаттары атынан Гауһар Танашева барып, қайғы жұтқан отбасыға көңіл айтып, көз жасын тыя алмай қайтқан еді. «Төрт бала еш қызық көрмей, өмірден өтіп кетті» дейді ол. Балалардың әкесі  жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Анасы үй шаруасында екен. Сол күні сиыр сауып, сүтін сатып, балаларға банан әперу үшін кеткен. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →