Еш жерде жарияланбаған дерек
2022 жылдың қаңтар айында орын алған оқиға тарихта қайғылы кезең ретінде жазылып қалды. Жаңа жылдық демалыста Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шерудің арты республика көлемінде тәртіпсіздікке ұласты.
“Қаңтар оқиғасы” кезінде Алматы халықаралық әуежайын арандатушылар басып алған еді. Тура бір жыл өткеннен кейін Алматы әуежайындағы тәртіпсіздіктер жайлы оқиға орнында болған Елдар Құдайбергенов “Қаңтар үні” подкастының алғашқы эпизодында баяндап берген болатын. Отбасымен Астанаға ұшуы керек болған Елдар Құдайбергенов әуежайдан қалаға қайту үшін такси іздеп кеткен уақытта оның жары журналист Роза бір жасар қызымен әуежайдың екінші қабатындағы күту залында отырған еді. Сол сәттегі оқиғаны журналист Роза Әрен подкастың екінші эпизодында айтып берді.
“Жолдасым далаға шығып кеткеніне 10 минут өтер-өтпестен әуежайдың ішінде айқай-шу басталып кетті. Бір топ стюардессаның сырт киімдерін киіп, шыңғырып шығып келе жатқанын байқадық. Бәріміз не болғанын түсінбей қалдық. Осы сәтте мен қорыққанымнан қозғала алмай қалдым. 10 секундтай уақыт өтті ме екен!? Жан-жағыма қарасам, отырған жолаушылар жоқ. Жанымда қызым ұйықтап жатыр. Адамдар ары-бері жүгіріп жүр. У-шу. Ер адамдардың айқайлаған, боқтаған дауысы естіледі. Әйелдер шыңғырып жатыр. Дереу есімді жиып, мен де қашпақ болдым. Шабаданымды алсам ба екен, әлде сөмкемді алсам ба екен деп есеңгіреп тұрып қалдым. Қайдағы шабадан, қайдағы сөмке деп, ұйықтап жатқан қызымды жұлып алып, әйтеуір бір жөргекке орап, мен де басым ауған жаққа қаша бердім...” – деп баяндады ол.
Подкастың жалғасын мына сілтеме арқылы тыңдай аласыздар.