Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдатыла ма
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сұхбат алушы Президенттен кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып бара жатқанының себебін сұрады. Әсіресе әйелдер мен балалардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығатынын айтты. Осындай қылмыстардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатқанын сұрады.
Одан бөлек, қараша айында Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікке ілінуіне қатысты сауал қойылды.
«Нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайтынын жеткізді.
«Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек», – деді Президент.
Ол әйелдермен мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болғанын еске салды.
«Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралғанын еске салды.
«Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.